Жер сілкінісі кезінде қалай қорғану керек

14.03.2024 в 16:59

Қырғызстанның бас сейсмологы жер сілкіністерінің күші әлсірейді деп болжап отыр

Алматы маңында кеше түнде жер сілкінді. Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты сейсмикалық стансалар желісінің мамандары осылай деп мәлімдеді. Зілзаланың ошағы мегаполистен оңтүстік-шығысқа қарай 465 шақырым жерде Қытай аумағында орналасқан. Алайда жерасты дүмпуі бізде сезілмеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Алматылық Сергей Старков 20 жыл бұрын жер сілкінісі кезінде пайдаланатын арнайы жабдық жасап шығарған. Жапондықтардың тәжірибесіне сүйене отырып, ол зілзала болған кезде ішіне 4 адам сиятын модуль ойлап тапқан. Қала тұрғыны «оған кіріп үлгерген адам қираған үйдің астында қалса да, тірі шығады» дейді. Өнертапқыштың айтуынша, ол 200 тонна ауырлықты көтеруге қауқарлы. Мұндай жиһаздың ішінде жылы киім, алғашқы медициналық көмек қобдишасы, құжаттар, су, күрек, киім және азық-түлік қорын сақтауға жетерлік орын бар.

– Оның көлемі шамамен жеделсатыдай болады. Жер сілкінген кезде адам модульдің ішінде өзін қауіпсіз сезінеді. Керектінің бәрі бар. Құрылымның өзі тормен қапталған, ал сыртынан қарағанда кәдімгі ағаш шкаф деп қаласың. Ол қабырғаға немесе еденге бекітіледі, – деді қала тұрғыны Сергей Старков.

Сергей Старков «қорғаныш жабдығын жасап шығаруды кез келгеннің қалтасы көтере бермейді» дейді. Оны айтуынша, аяқ асты болған табиғи апат кезінде әр адам барынша сақ болып, қорғана білуі керек. Орбита шағынауданындағы көпқабатты үйлердің бірінде жалғыз тұратын зейнеткер Любовь Недельская жер сілкінгенде қайда бас сауғалап, не істерін білмей қалатынын айтты.

– Үйді тазалайын деп жатқанмын. 4 наурызда аяқ астынан бірдеңе гүрс ете қалды. Басында жер сілкініп жатыр деп ойламадым. Кейін бірақ түсіндім. Не істерімді білмей, абдырап қалдым, – деді қала тұрғыны Любовь Недельская.

Қазір құтқарушылар қызметі тұрғын үйлерді аралап, азаматтарға төтенше жағдай кезінде қалай әрекет ету керек екенін түсіндіріп жүр. Зейнеткермен сөйлескен мамандар оның пәтерінде артық жиһаздың көп екенін айтты. Үйдің кірпіштен салынғанын ескерсек, мүндай баспана жер сілкінген жағдайда аса қауіпті көрінеді.

– Он қарапайым қадам деген бар. Яғни, дабыл дорбасында құжаттар, заттар тізімі, сонымен қатар эвакуациялау жолдары бейнеленген жадынама бар. Тұрғындар арасында түсініктеме жұмыстары жүргізілуде, – деді Бостандық ауданы Төтенше жағдайлар басқармасының аға инженері Данияр Ғаниев.

Ал Қырғызстанның бас сейсмологы Қанат Абдрахматов алда белсенді жер сілкіністерінің күші әлсірейді деп болжап отыр. Сала маманының айтуынша, дүмпулер 2026 жылы аяқталуы тиіс.

Оразай Нұртай, Гүлмарал Изатқызы, Әмина Үсенова, Хангелді Ахметханов, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Алматы маңында тағы да жерасты дүмпуі тіркелді