Алматы облысы тұрғындары: уәде берілген жерге 1500 орындық мектеп салынсын

17.02.2023 в 20:42

Мектеп мәселесі шешілмегеніне 6 жыл болған

Үш шақырым жердегі үш ауысымды мектепке бала тасып қиналған тұрғындар жаңа оқу ордасының орталықтан салынуына қарсы, деп хабарлайды Almaty.tv.

6 жыл бойы айтылып келген жайтты әкім де біледі. «Ауыл басшысы ауыса береді, ал мәселе әлі сол қалпында» дейді көпшілік.

Тұтас ауылды былай қойғанда, мектепке мұқтаж аумақтың өзінде 300 оқушы бар. Көрші отырған екі үйдің ұл-қызы екі түрлі мектепке барады деген көпшілік 2017-де уәде етілген оқу орны қашан салынады деп наразы. Талай табалдырықты тоздырған тұрғындарға бұған дейін бір ғана жер жетпейді деген сылтау айтылыпты.

Көптің мектеп салынсын деп көксеген орны – осы. 2020 жылы жекеменшікке өтіп кеткен 15 гектар аумақ қазір осылай бос жатыр. Бірақ бір кездері жергілікті жұртқа бұл маңайда мектеп салынады деп уәде берілген, тіпті жобасы жасалыпты.

«Жер алған кезде бұрынғы әкім, осы жерде мектеп болады, жоспарда бар деген. Ол мектепті басқа жерге салайын деп тұр, айтылған жерде телім жоқ деп. Біз соған қарсымыз. Уәде берілген орынға 1500 орындық мектеп салып берсін», – деді ҚазЦик ауылының тұрғыны Арал Ешмаханов.

Халықтың қарсы боп отырғаны – орталықтағы, жаңа стадионның орнына салынатын мектеп. Жоспардағы білім ордасының биыл құжаты реттеліп, келер жылы құрылысы басталатын көрінеді. "Жаңа мектеп ескі мәселені жоймайды, одан да алыс ауданға сұрағанымызды салсын" дейді көпшілік.

«Айына 20 мың теңгеге бір балаға жеткізуші көлік жалдаймыз. Менің 2 балам бар. Көктем кезінде жеткізуші көліктер келіспейді келуге, себебі жол нашар. Білмеймін, қалай тасимыз балаларымызды сабаққа?», –  деді ҚазЦик ауылының тұрғыны Аида Әлижанова.

Үймен арасы кемі 3 шақырым болатын жан-жақтағы 3 мектепте 4600 бала оқиды. Орын жетпегендіктен, үш ауысымды жүйе әлі бар. Ал әкім ел сұраған жердің мемлекет мүлкі емесін айтып отыр.

Қысқасы, 15 гектардың бестен бірін иесінен алу үшін жоба жасалып, тиісті орынға жолданыпты. Нақты шешім әлі шыққан жоқ.

«Егер жер телімінің иесі мемлекет қойған бағаға келіспесе, онда біз сот процесі арқылы осы жерді мемлекет тарапына қайтып алуға әрекет етеміз. Бұл 15 гектар жер. Осы мәселе бойынша шараларды жасауды бастадық. 3 гектар жерге 1500-1200 орындық мектепті салуды жоспарлап отырмыз», – деді ҚазЦик ауылдық округінің әкімі Бауыржан Жұмабаев.

Бұл жоспардың нақты қашан жүзеге асатыны белгісіз. «Ең жақын уақыт – 2025 жыл» дейді ауыл басшысы. Ал ел қарсы болған орталықтағы мектеп бәрібір салынады, өйткені үш ауысымдықты жоюдың әзірге жалғыз жолы – осы.

Мадина Оқас, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» Телеарнасы.