Балықтар қырылып жатыр: Талғар өзені бойында су тоқтап қалды

05.07.2023 в 20:03

Бұл туралы әлеуметтік желіде бейнежазба тараған

«Балықтар қырылып жатыр» деп, әлеуметтік желіге жүктелген бейнежазбаға қатысты мамандар түсінік берді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Күні кеше Талғар өзені бойында су тоқтап қалды деген тұрғындар мәселе көтерген болатын. Видеодан расымен өзен арнасының құрғап, шалшық ішінде ұсақ шабақтардың су бетіне қалқып шығып жатқанын аңғаруға болады.

«Елдер айтқан бұл қардың суы, бұл жерде балық жоқ, балық аулау мүмкін емес. Бұл суда қалай балық пайда болды? Мен соған аң-таң болып қалдым. Біреу лақтырып кетті ме? Әдейі ұйымдастырып жатыр ма екен?», – деді «Талғариригация» ШЖҚ су шаруашылығы МККҚ бөлімшесінің басшысы Аманкелді Сарбасов.

Ал өзендегі судың тоқтап қалуын мамандар сол маңнан құрылысқа қажетті тастар алынады деп те түсіндірді. Сондықтан да өзен арнасы бөгелуі мүмкін деген болжам айтты.

«Мүмкін өзенді кешіп, құм алған шығар жоғарғы жақтан. Ол жағын білмеймін. Қазір су ағып жатыр, оны біз жоғары жақтан жанжалдасып әрең аламыз. Өзінде су тоқтаса, шаруа қожалықтары шу шығарады. Егістік қурайды. Оның үстіне үш-төрт күн ауа райы салқындап еді, таудағы қар ерімей қойды. Су да азайды», – дейді «Талғариригация» ШЖҚ су шаруашылығы МККҚ Байсерке учаскесінің гидротехнигі Валерий Мальцев.