Жертөлесіне кәріз суы толған жаңа үй мәселесі қалай шешіледі – басқарма жауабы

08.02.2022 в 20:25

Тұрғындар жылудың бағасы да өсіп, қалтамызға ауыр соқты дейді

Жертөлесін су алып, қабырғасы қисаюға жақын қалған Нұркент шағынауданында орналасқан үйдің тұрғындары төрт жылдан бері осы кәріз суымен алысып әлекпіз дейді. Олардың айтуынша, тұрғын үйдің коммуналдық қызметкерлері мүлде жұмыс істемейді. Ол аздай, жылудың бағасы күн санап көбейіп, қалтамызға ауыр соқты деп  отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Нәжіске толып, лас су жиналған жертөлені төрт-ақ жыл бұрын салынған жаңа тұрғын үй деп айта алмайсың. Екі күннің бірінде суға толып, жағымсыз иіс жайлап алады деген тұрғындар жауапты ақжағалылар сол күйі жауапсыз деп мұң шақты.

Нұркенттің тұрғындары түнін ұйқымен емес, жөртөлені тазалаумен өткізеді. Сапасыз салынған құрылғылардың кесірінен кәріз суы арнасынан асып, үйді су басады дейді мұндағылар. Ал айына әр үйден 3-5 мың теңге арасында ақы алатын коммуналдық қызмет жөні түзу маман бермейді дейді. Берген күннің өзінде, олардың ауызы ащы судан құрғамайтынын айтады.

«Біріншіден, ПИК басшысын біз сайламадық, олар келді де отырып алды. Екінші мәселе, олар бізге үш жыл бойы бірде-бір есеп берген жоқ. Қанша сұрасақ та еш реакция жоқ. Бір бөлмелі пәтеріме жылу пайдаланғаным үшін 18 мың теңге келіп тұр. Жылу желісіне хабарлассақ, олар ПИК жауапты дейді», - деді Алатау ауданының тұрғыны Роза Саршаева.

Тұрғындардың айтуынша, Пәтер иелері кооперативі өздерін жалдаған мердігер мекемеге 80 миллион теңге ақша қарыз екен. Өйткені өздері атаған ПИК ыстық, суық судың айлық есебін уақытылы өткізіп бермепті.

«Үш бөлмелі пәтерге 40 мың теңге шықты деген сұмдық қой. Екі бөлмелі пәтерге 25 мың теңге деп тұр, кеше есептеп көрсек, осылардың қарызы шығып тұр», - дейді Алатау ауданының тағы бір тұрғыны Тоғжан Дәуренбекова.

2018 жылы қолданысқа берілген кешенде 22 тұрғын үй бар. Салынып біткеніне көп уақыт болмаса да, көп шикілігі шыққан бұл маңның жауапты қызметкерлері жарытып ештеңе айтпады. Алайда жылу бағасының жоғарылап кетуі тексеріс кезінде туындаған қиындықтардан деп ақталды.

«Төрт жылда бір рет тексеруге міндеттіміз. Сол тексеру уақыты келгенде біз тексеруге жібердік. Бірақ бәріне ескертілген жоқ. Содан мәселе туындап отыр, енді біз кінәлі емеспіз деп айтуға болмайды, кінәліміз деп тағы айтуға болады», - деді «Нұркент» тұрғын үй кешені ПИК төрағасы Ержан Шелдербаев.

Даулы мәселеге араласқан Алатау ауданының әкімдігі Пәтер иелері кооперативіне сөзіміз өтпейді, бұйрығымыз жетпейді деп заң аясында қысқа қайырды. Десе де, бұл мәселені тиісті атқарушы органдарға жеткіземіз деп уәде берді.

«Басқарушы компанияның қаржылық ішкі саясатына, ішкі шаруаларына біз араласа алмаймыз. Заң бойынша ондай мүмкіндігіміз де жоқ. Оған арнайы Алматы қаласы тұрғын үй саясат басқармасы бар. Соның ішінде тұрғын инспекциясы бар», - деді Алатау аудандық коммуналдық шаруашылық бөлімінің бас маманы Алмас Кеңесбаев.

Ал Тұрғын үй саясаты басқармасы «азаматтар қағаз жүзінде арыз жазып, өзара дауыс беру арқылы өзін-өзі басқару коперативі төрағасын сайлай алады» деп отыр. Ол үшін аталмыш мекемеге өтініш қалдыруы керек.

Әлібек Шынтемір, Сағынтай Мұңатпайсов, «Алматы» телеарнасы