Алматыда әуежай таксилерінің бағасы белгіленді

21.06.2023 в 20:03

Орташа бағаны шетелдіктер мен өзге елге барып келген отандастар ғана көре алады

Енді Алматыға келген туристер қаладағы жолдың құнынан хабардар болады, деп хабарлайды Almaty.tv.

Такси жүргізушілері оларды сан соқтырып кете алмайды. Себебі халықаралық әуежайда орташа баға жазылған қағаздар ілінді. Туризм басқармасы сол жазулар қонақтарды жөнсіз жүргізушілерден қорғайды деп сендіреді.

«Осындай оқиғаларға байланысты арнайы жұмыс тобы құрылды. Оның құрамында мемлекеттік органдар, полиция бөлімі, туризм басқармасының өкілдері бар. Олар өзара ақылдасып, тиісті шешімдер қабылдады. Ақпараттық баннерлер басы ғана, қабылданған шараларды дамыту жоспарда бар», – деді Алматы халықаралық әуежайы корпоративтік байланыстар департаментінің басшысы Найля Жабагина.

Негізі Алматыдағы әуежай тек сырттан келгендерді ғана емес, ішкі рейстерді де қабылдайды. Бірақ қаладағы орташа бағаны әзірге шетелдіктер мен өзге елге барып келген отандастар ғана көре алады.

Айта кетсек, көрсеткен қызметін тым жоғары бағалайтын жекеменшік такси жүргізушілерін әуежайда ғана емес, қаланың басқа жерінен де жолықтыруға болады.

Оразай Нұртайұлы, Сағындық Нарықов, «Алматы» телеарнасы