Әлем елдерінде мұнай іздеумен айналысатын Ғалия Ғалымқызы жайлы не білеміз

24.05.2021 в 20:04

Анасы бауыр еті баласын «Менің Нобель сыйлығым» деп еркелетеді

493 жұмыс күнін теңіз бен мұхит ортасында өткізген қазақ қызы. Әлем елдерінде мұнай іздеумен айналысатын Ғалия Ғалымқызының анасы бауыр еті баласын «Менің Нобель сыйлығым» деп еркелетіп, оның осы күнге дейін жеткен жетістіктерімен мақтанады екен. Тербелген теңіздегі алып кемеде жұмыс істеу қаншалықты қиын болса да, өз мамандығын сүйетін бойжеткен болашақта осы саланы елімізде дамытпақшы ойда. Қиындығы мен қызығы мол мамандық иесі турасында келесі Almaty.tv тілшісінің бейнематериалда.

11 елде болып, 94 рет әуеде ұшқан мұнайшы, инженер Ғалия Садықова 20 жасынан бастап мұнай іздеумен айналысатын шетел компаниясында қызмет етеді. Алғашында дизайнер болуды армандаған бойжеткен Қазақ-Британ Университетін тәмамдап, мұнай өндіретін компанияға қызметке тұрады. Сейсмикалық барлау жұмыстарымен айналысып қана қоймай, қазір ол қазақстандық түлектерге ментор да болып жүр.

«Мұнай компанияларының бірінде жұмыс істей жүріп, теңіздегі кәсібімді жанымдай жақсы көріп кеттім. Өзіммен қызметтес жандарға әбден бауыр басып қалдым. Жуырда Норвегиядан келдім. Ендігі қатысатын жобам бойынша Вьетнам еліне аттанамын. Демалысқа келгенімде тербелген теңізді аңсаймын да тұрамын», – деді  мұнайшы, инженер Ғалия Садықова.

Ғалияның мамандығы –  сейсмикалық инженер. Ол арнайы стансаға ақпарат жинаумен айналысады. Мұндағы жабдықтағы 8 шақырымға созылған әр кабельде көптеген сенсорлар бар. Жұмыс барысында сығылған ауа жердің барлық қабатына жеткен кезде мұнай бар жер сол сенсорларға жазылады екен.

«Менің негізгі міндетім – осы жабдықтың істен шығып қалмауын қадағалау. Құрылғыны жөнге келтіру, жабдықты суға жіберу, оны шығару. Клиенттерге алғашқы мәліметтерді өңдеп жіберу де менің міндетіме кіреді», – деді  мұнайшы, инженер Ғалия Садықова.

Жас инженер негізгі мамандығының қиындығы да, жауапкершілік деңгейі де жоғары екенін жақсы түсінеді. Толқындардың күштілігі соншалық, алып кемені тербелтіп жіберетін кездер де болады, бірақ оған да етің үйренеді дейді мұнайшы қыз. Болашақта осы саланы елімізде дамытуды жоспарлап та қойыпты.  

Сая Меңдеке, Рашид Шүкірәлиев, «Алматы» телеарнасы