Малды қораға қамап ұстаймыз: Жамбылдық жұрт жайылым жерге жарымай отыр

21.05.2021 в 20:05

Аймақта жайылымдық 2692 га телім болса, оның 1400-і әкімдік меншігінде

Жамбылдық жұрт жайылым жерге жарымай отыр. Жуалы ауданына қарасты Шақпақата ауылының халқы осылай деп шағымдануда. Сөздерінше, округке қарасты екі жарым мыңнан аса гектар жерді жергілікті билік жекеге беріп жіберген. Ал, олар жерге мал түгіл жан аяғын бастырмайтын көрінеді. Күнкөріс болған кәсіпке тұсау болған жағдай қалай шешіледі? Almaty.tv тілшісі Мерей Бает  толығырақ тарқатады.

Қаратау тауының бөктерінде орналасқан Шақпақаталық ағайын осы уақытқа дейін түлігін тау етегіне жайып келген. Бірақ биыл бұған мүмкіндік жоқ. Себебі жұрт  «жайлымды дөкейлер меншіктеп алған», дейді. Енді 2500-ға жуық халқы бар ауыл жұрты, малын «қораға қамап ұстаймыз ба» деп жыларман.

БЛИЦ:

- Елге бір пайдасы тисе деген мақсатта біз малды көбейтсек деп отырмыз. Ал оған мүмкіншілік жоқ. Мысалы, мына Лесхоздың жері дейді таудың етегінен ары. Ал бер жағының бәрі жеке жер. Ар жағы да жекеленіп кеткен.

- Мына жерде әкімшіліктің 3-4 гектар жері бар, соған бәріміз таласып, тармасып жаямыз. Содан кейін ол біткеннен кейін бәріміз отырамыз не істерімізді білмей.

Аймақта жайылымдық 2692 га телім болса, оның 1400-і әкімдік меншігінде. Ал билік жұрттың «жеке меншік дегені» орман шаруашылығы жалға алған телім деп түсіндірді. Ал, жер проблемасын әзірге шешіп бере алмайтынын аудан басшылығы ашық айтты.

«Иә, жайылым мәселесі өзекті. Жалғыз ауданда емес, облыс бойынша жайылым жер жетіспейді. Олар жаңағыдай анау таудың жерін бермей жатыр дейді, ол Лесхоздың жері. Меніңше Лесхозға келу керек, келісімшартқа отыру керек жерін алуға. Ал енді «алма піс, аузыма түс» деп, «менің малым көп, жер әпер» деген саясат қазір болмайды», – деді Жуалы ауданы әкімінің орынбасары Әбдікерім Үркімбаев.

Жергілікті билік қорадағы мал көбейсе, сыртқа өргізу керек деп ұсыныс айтып отыр. Ал, жер жетіспеушілігін шешу үшін бірнеше жол қарастырып жатқан көрінеді. Соның бірі 50-ден 100 га-ға дейін жер бөліп, пішендеме баспақ. Солайша ылғалда дегдіту арқылы жылда мал азығын дайындауды көзделіп отыр.

Мерей Бает, Нұрлыбек Ержанұлы, «Алматы» арнасы, Жамбыл облысынан