Шымкентте қаңғыбас ит-мысықты зарарсыздандыруға 140 млн теңге бөлінді

10.02.2023 в 20:32

Қыркүйектен бастап азаматтар үй жануарын тіркеуге міндеттеледі

Қазынаның 139,5 млн теңге қаржысы Шымкенттегі қаңғыбас ит-мысықтарды зарарсыздандыруға бөлінген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Ал қыркүйек айынан бастап барлық азаматтар үй жануарын тіркеуге міндеттеледі. Ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының басшысы зарарсыздандыру мен тіркеудің нәтижесінде қаңғыбас ит-мысықтың саны азаятынын айтады. Егер тіркемеген жағдайда иесіне 5-10 АЕК арасында айыппұл салынады. Ал кастрацияланған ит-мысықтар чиптелгеннен кейін қоршаған ортаға қайта жіберіледі.

«Арнайы ветеринарлық мамандар тексеру жүргізіп, стерилизациялау, кастрация жұмысына шешім қабылдап, соны орындайды. Одан кейін вакцинация жүргізіледі. Заңға сәйкес қаңғыбас жануарлар есепке алынады. Яғни, оның құлағында чип болады. Барлық іс-шараны өткеннен кейін барып, агрессия білдірмеген жағдайда оны мекен ету орталығына қайта жіберіледі», – деді Ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының басшысы Әбунасыр Жанбатыров.

Яғни, енді бұрынғыдай қаңғыбас жануарлардың көзі жойылмайды, керісінше зарарсыздандырып отырады. Өткен жылы Шымкент бойынша жалпы 40 мың  ит-мысық ауланған. Ал ол үшін бюджеттен 130 млн теңге  бөлінген. Дәл қазір үшінші мегаполисте қанша  ит-мысық бар екені әлі нақты емес. 140 миллионға жуық сомма шамамен 20 мың жануарға қаралып отыр дейді мамандар. Ал оның 84 млн теңгесі иттерді кастрациялауға бөлініпті.

«Жалпы 20 мың бас. Оның ішінде ит-мысық та қарастырылған. 8400 бас аталық иттерге, 2100 бас аталық мысыққа, 4500 бас ұрғашы мысықты залалсыздандыруға қарастырылған. Аулау барысында барлығы нақтыланып, соған сәйкес тиісті шығын анықталады», – деді Әбунасыр Жанбатыров.

Егер қаражат артылып жатса, бюджетке кері қайтарылады. Қазіргі таңда бұл істі кім жүргізетінін анықтау мақсатында арнайы конкурс жарияланған.

Мөлдір Ибадуллаева, Абзал Тұрабеков, «Алматы» телеарнасы, Шымкенттен