Екінші кезең: 1қаңтардан бастап кімдер табыс декларациясын тапсырады

06.12.2022 в 20:18

Кірісті жасырғандар әкімшілік жазаға тартылады

Елімізде 2023 жылдан бастап табысты жаппай декларациялаудың екінші кезеңі басталады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Елде кіріс пен мүлікті жалпыға бірдей декларациялау жалғасып жатыр. Бастама 2021 жылдан бастап кезең-кезеңімен жүзеге асып келеді. Мұндағы мақсат – көлеңкелі экономиканы азайтып, сыбайлас жемқорлықпен күресу және бюджетке қосымша түсімді арттыру. Бірінші кезеңде декларацияны мемлекеттік қызметкерлер және олардың жұбайлары тапсырған еді. Енді мектеп пен балабақша, ЖОО, денсаулық сақтау ұйымдары, спорт және мәдениет саласында жұмыс істейтіндер жиған-тергенін жариялайтын болады.

«2023 жылы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда жалпыға бірдей декларациялаудың екінші кезеңі басталады. Осы екінші кезеңде активтер мен міндеттемелер жөніндегі 250 нысанды декларацияны мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері және олардың жұбайы, сонымен қатар квазимемлекеттік мекемелердің қызметкерлері мен олардың жұбайы тапсырады», – деді Мемлекеттік кірістер департаменті өндірістік емес төлемдер басқармасының басшысы Қуаныш Түменбаев.

Активтер мен міндеттемелер жөніндегі декларацияда шетелдегі жылжымайтын мүлік, жер учаскелері, көлік құралдары және мың айлық есептік көрсеткіш көлемінен асатын банктегі шот көрсетіледі. Ал ел аумағындағы тұрғын үй мен мүлік туралы ақпаратты енгізу міндетті емес. Тек тапқан табысты ашық көрсеткен абзал. Өйткені, кірісті жасырғандар әкімшілік жазаға тартылады.

«Осы декларацияда 10 мың АЕК көлемінің шегінде қолма-қол ақшаны көрсетуге болады. Бүгінгі күні ол 30 млн 630 мың теңгені құрап отыр. Осындай мәліметтер декларацияда көрсетіледі. Декларацияның тапсыру мерзіміне келетін болсақ, келесі жылдың 15 шілдесіне дейін қағаз түрінде тапсырылады. 15 Қыркүйекке дейін электронды түрде тапсырылады», – деді  Қуаныш Түменбаев.

Айта кетейік, декларацияны электронды түрде салық төлеушінің кабинеті, электронды үкімет порталы және e-Salyk Azamat мобильді қосымшасы арқылы тапсыруға болады. Ал жазбаша түрде өткізу үшін мемлекеттік кірістер органындарына келу қажет. Ал барлық сұрақ бойынша 1414 нөміріне хабарласуға болады.

Жадыра Омаржан, Ғани Қалуов, «Алматы» телеарнасы