«Көлікте үш адамнан артық болмауы керек»: Саяжайға бару үшін алматылықтарға қандай құжат алу керек

30.04.2020 в 20:18

Саяжайға өтуге рұқсат берілгелі блок-бекеттерден екі мыңнан астам алматылық өткен

Саяжайға өтуге рұқсат берілгелі блок-бекеттерден екі мыңнан астам алматылық өткен. Бұл туралы қалалық Полиция департаментінің өкілдері айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.  

Жеке көлігімен шыққандардың саны мыңнан асады. Бүгін бекеттердегі жағдайды қалалық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы департамент пен полиция қызметкерлері бақылап, рейд жүргізді. 

Біз қазір Талғар тас жолы бойындағы нөмірі 13 блок-бекетте тұрмыз. Ащыбұлақ, Бесағаш, Белбұлақ сияқты ауылдарға апаратын жол бойында тәртіп сақшылары көліктерді қатаң түрде тексеріп жатыр. Олардың сөзінше, халық бір көлікпен 4-5 адам болып өтіп кеткісі келетін жағдайлар жиі кездеседі.

Бүгін қалалық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы департамент өкілдері мен Полиция департаментіне қарасты Өзіндік қауіпсіздік басқармасының мамандары блок-бекеттер арқылы саяжайларға өтіп жатқан адамдарды тексерді. Мәселен, мына тұрғын өзін қосқанда төрт адам болып саяжайға бармақшы. Бірі жүргізушісі болса, екіншісі анасы, енді бірі туысқан әпкесі.

«Мен анамды саяжайға апаруым керек. Өйткені өзім онда бола алмаймын. Қалада жұмысым бар, бала-шаға дегендей. Бізді көлікте 4 адам болғандықтан жібермей жатыр. Біз бәріміз бір отбасының адамдарымыз», – деді қала тұрғыны Елена СМИРНОВА.

Кейіпкеріміз бекеттен өтсек болғаны, ары қарай жаяу болса да, жетіп аламыз деп әрі-бері жүріп алған еді. Бірақ бәріне талап ортақ. Ол әпкесін түсіріп кетуіне тура келді. Өйткені саяжайға үш адамнан артық адам кіруге тыйым салынған. Блок-бекеттерге келіп кептелісі, халық абыр-сабыр қазір. Дегенмен талап бойынша бағбандыққа арналған орынға өту үшін саяжайдың заңды иесі болуы керек. Бірақ құжаты болғанымен, иесі жоқ жағдайлар да кездесті. Мәселен,  жүргізуші көрсеткен құжаттар әйелінің атына рәсімделген, бірақ әйелдің өзі оның жанынан табылмады.

Қалалық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы департамент өкілінің сөзінше, мұндай жағдайда нотариус арқылы сенімхат рәсімдеуге болады.

«Ондай жағдайда қолында қолхаты болуы керек. Егер ол кісі енді науқастанып жатса, басқа да жағдаймен келе алмаса, жұмыста болса, қолында бір жапырақ сенімхат болуы керек. Сол арқылы өтсе болады», – деді қалалық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы департамент жанындағы арнайы мониторингтік топтың басшысы Нұрлан ЖАЗЫЛБЕКОВ.

Қалалық Жер қатынастары басқармасының мәліметінше, қала сыртында саяжайы бар адамдарда жеке куәлігінен бөлек сол учаскеге ие екенін дәледейтін  құжаты болуы керек. Ол мынадай негізгі құжаттар болуы мүмкін: қала немесе облыс әкімінің қаулысы, сатып алу-сату немесе сыйға тарту келісім-шарттары, мұрагерлік туралы куәлік және тағы да басқа құжаттардың болуы шарт. Аталған қағаздарда жердің мақсаттық қолданылуы, яғни бау-бақша шаруашылығына арналғаны да көрсетілуі тиіс. Ал мемлекеттік акт мен бау-бақша қоғамына мүшелік ететіні туралы кітапша саяжайға кіруге ешқандай құқық бермейді екен. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы департамент өкілдері тіпті осы кітапшаны жалған таратып жатқандар туралы да ақпар барын айтты.

«Бау-бақша қоғамы басшылары сондай құжаттарды таратқан деген бізге сыбыс келді. Сондықтан бекеттен өткендерді тексеріп,  сұрап жатырмыз. Бірақ ондай құжатт жоқ. Саяжайдың иесі екенін дәлелдейдін құжаттар керек. Паспорт, жер актісі дегендей», – деді қалалық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы департамент жанындағы арнайы мониторингтік топтың басшысы Нұрлан ЖАЗЫЛБЕКОВ.

Сонымен қатар, саяжайға үш адаммен бірге кәмелетке толмаған балалар да өте алады. Бірақ ата-анасымен бірге және тиісті төлқұжаты талап етіледі. Айта кетейік, алматылықтарға саяжайға бару рұқсаты берілгелі бекеттерден 2093 адам өткен. Ал, тексеру жасаған мамандар тұрғындарды әуелі бекітілген санитарлық нормаларды сақтауға шақырды.

Назкен Еркін, Арсен Сандыбаев, «Алматы» арнасы