СҚО-да «болашағы бұлыңғыр» ауыл тұрғындары араша сұрайды

14.09.2022 в 20:18

12 отбасы өмір сүріп жатқан ауыл халқы көлдің суын ішуге мәжбүр

«Болашағы бұлыңғыр»рауыл тұрғындары араша сұрайды. СҚО Мамлют ауданындағы Коваль елді мекенінде күнкөріс қиындап кеткен. Бар-жоғы 12 отбасы өмір сүріп жатқан ауыл халқы көлдің суын ішуге мәжбүр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Суы нәрлі, шөбі шүйгін, топырағы шұрайлы елді мекен бұрын гүлдеп тұрған. Бұған дейін еш уайымсыз өмір сүрген Коваль ауылының тұрғындары қазір мұнда бар болғаны 12 үй қалды дейді. Күнделікті тұтынатын азық-түлік, дәрі-дәрмегімізді сатып алатын жер жоқ деп әбден тарыққан жұрт мәселенің шешілуін қалайды.

«Белыйдағы әкімге су мәселесін айтқан болатынбыз. Ол біздің елді мекен «болашағы жоқ ауылдар» қатарында екенін айтты. Суды көлден алып ішеміз. Әрине, су лай, сасық. Жазда жан-жақтан келетіндер сол суға түседі. Ал біз содан су алып ішеміз», – деді Коваль ауылының тұрғыны Раиса Кочеткова.

Өз уақытында бірнеше ұлт өкілі орныққан ауылдан көбі облыс орталығы мен Ресейге көшіп кеткен.  Қалғандары тұрақты жұмыссыз, жалақысыз, қысы-жазы тек төрт түлікті бағумен күн көреді.  

«Ауылдың жағдайы мүшкіл. Бұрын қандай да бір жұмыс болатын. Кез келген іске білек сыбана кірісіп кететінбіз. Қазір жұмыс та, ештеңе жоқ. Зейнет жасына жетіп, төменгі зейнетақымызды аламыз.  Жылқы, сиыр, қой бағып ғана күн көріп отырмыз», – деді Коваль ауылының тұрғыны Людмила Денисова.    

Мамлют ауданы құрамындағы 38 ауылдың 10-ында адам саны аз, 50-ге де жетпейді екен. Мамандардың айтуынша,  су, жол тарту тиімсіз. Мұндай елді мекендердің ауылдық округ құрамына қосылатынын айтады әкімдік өкілдері.

«Заң бойынша халықтың саны 50-ден кем болса  округтың орталығына қосу керек. Қазіргі уақытта сондай шешімге дайындалып жатырмыз. Тек ауылдың нақты атауы болмайды, халық сол ауылда тұрады. Олардың жарық, су мәселесі  толық шешіледі. Бірақ ауылдың нақты аты болмайды», – деді Мамлют ауданы әкімінің кеңесшісі Серік Бакеев.

Жалпы СҚО-да 635 елді мекен бар. 307 ауылдың даму қарқыны бар. Ал 123-і болашағы бұлыңғыр.

Нұргүл Алина, «Алматы» телеарнасы, СҚО-дан