Олар баласын күтпейді: Қарттар үйіндегі қариялар өмірі

30.09.2021 в 21:07

«Шаңырақ» әлеуметтік орталығында 260 қария тұрып жатыр

1 қазан – Халықаралық қарттар күні. «Қарты бар үйдің қазынасы бар» дейді дана халық. Ата-әжелеріміз балаларының қасында отбасының ұйытқысы болып, бейнетінің зейнетін көріп келеді. Өкініштісі сол, қазыналы қарияларымыздың арасында соңғы сәттерін қарттар үйінде өткізіп жатқандары да бар, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

«Шапағат» әлеуметтік орталығында мереке күні қарттар бар жақсысын киіп, салтанат залына жиналды. Колледж студенттері олардың көңілін көтеру үшін концерт қоймақшы. Әрқайсының жүзінде уайымның көлеңкесі мен өткен күнге деген өкініштің табы байқалады. Иә, олар бүгін өзгені күтсе де, өзектен тепкен өз балаларын күтпейді.

Мұндағы қызметкерлер Вера әжейді тоқымасыз елестету мүмкін емес дейді. Вера әжей әлеуметтік орталықта 20 жылдан бері тұрады. Сексеннің сеңгіріне шықса да, бос отыра алмайды. Бөлмесіндегі әшекей бұйымның бәрі де өз қолынан шыққан. 

«Соғыс уақытында киім де де жоқ, нан да жоқ болды. Бір тілім ғана қара нан беретін. Оны жесем, тамағымды қырнап кететін», – дейді зейнеткер Вера Ерофеева.

Ұлты орыс болса да, қазақ тіліне жетік қарияның 15 жасынан бастап араласқан ортасы қазақтар болыпты. Жеке өмірде жолы болмай, сәби сүймеген. Тағдыр тауқыметіне тап болған соң, барар жері болмай, қарттар үйін паналаған.

«Жас кезімнің несін айтайын, айналайын. Қазір осылай отырып-тұрғанымызға Құдайға шүкір дейміз», – дейді Вера Ерофеева.

Біз қаттар үйі дегенде, туғаны қараусыз қалдырып, тастап кеткен орын деп қабылдаймыз. Ал шындығында олай емес. Қарттық жеткенде жалтақтап өмір сүргеннен қашып, жайбарақат өмірді аңсап, өз еркімен келгендер де бар. Соның бірі – Әлжапар ақсақал.

«Ағамның балаларын бақтым, қазір олар үлкен болып кетті. Бәрі ұмытылды. Хабарласамыз, оларға «бәлен-түген» деп айта алмаймын. Әркім өз тірлігімен жүр», – дейді зейнеткер Әлжапар Ауталипов.

Қарттар үйінен талайлар пана тауып келеді. Тіпті, бақытын тапқандар аз емес. Солардың бірі – балаларынан баз кешіп, осында келген ақсақал мен әжей. Бір жыл бұрын некелерін қидырған. Қазір бір-біріне демеу болып, шүйіркелесіп өмір сүріп келеді.

«Шаңырақ» әлеуметтік орталығында 260 қария бар. Олардың ішінде бұрын жоғары лауазымда отырған азаматтар мен тыл еңбеккерлері, тіпті Ұлы Отан соғысының ардегерлеріне дейін бар. Ең өкініштісі де сол, артынан ерген балалары әке-шешеден бас тартқан. Оларды сұхбатқа тарту мүмкін болмады. Көпке шығып, сырын айтқысы келмеді. Бір байқалатыны, бәрінің ата-аналық махаббаты шексіз. Қанша жерден баласы өзектен тепсе де, «перзентім жаман» деп айтпайды.

Әлеуметтік орталықты қарттар үйі демесеңіз, мұнда олар үшін демалыс кешеніндегідей барлық жағдай жасалған. Мәселен, бөлме жаттығу алаңындағы әрбір құрылғы мүмкіндігі шектеулі жандар мен егде жастағылар үшін ыңғайлы орналастырылған. Сонымен қатар, 4 мезгіл тамақ та беріледі.

Ұлағат Арғын, Мейрам Исабеков, «Алматы» телеарнасы