Базар жоқ: Алматы облысындағы көпбалалы аналар сауда орнынан айырылып қалғанына наразы

06.09.2022 в 20:22

Базар иесі құрылыстың қашан аяқталатынын айтпады

Базар жоқ. Алматы облысы Өтеген батыр кентінің сатушылары нәпақа тауып отырған сауда орнымыздан айырылып қалдық деп шағым айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Олардың айтуынша, 20-ға жуық адам аядай жерде сауда жасап күн көреді екен. Базар басшылығы болса сауда нүктесін уақытша жөндеуге жаптым деп сендірді.

«Бәрі нансыз қалып отыр. Жан-жақта тентіреп, саудасын жасап жүр. Өзіміз өрік-мейіз сатамыз, өріктеріміз  іріп-шіріп жатыр», – деді сатушы Жаңыл Байғұнова.

«Бұл жерде көпбалалы аналар, күйеуі жоқ аналар сауда жасайтын. Жағдайы жоқ, мүдектігі бар аналар да бар. Біз осы жерде жұмысымызды жалғастыруымыз керек. Бізге уәде бергеннен кейін, соған сеніп отырмыз», – деді сатушы Гүлжанат Нұрышева.

Алайда базар басшысы бұл уақытша қиындық екенін алға тартты. Олардың айтуынша, сауда орнын жаңа талапқа сай жабдықтап бермек.

«Мен осы жерді жалға алғанмын, иесімін. 2020 жылдан бері жұмыс істеп жүрмін. Бұл жерді о баста әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға берген болатын. Қоқыстың бәрін алып тастап, ретке келтіреміз. Бұл жерде жабық базар болады», – деді базар иесі Игорь Бектенов.

Ал мұндағы тұрғындар қазіргі базар орны бұрын спорт алаңы болған деседі. Кейіннен сауда орнына айналып кеткен екен. Ал жауапты мамандар аталған жер телімінің құжаты заңды деп отыр.

«Осы үйдің тұрғындары осыған әрқашанда наразы. Мына жер таза емес, проблемалар бар. Мен бұл жердің құжатын көрдім, мақсаты сауда-саттыққа арналған екен. Оның алдында не болғанын айта алмаймын», – деді Іле ауданы Энергетикалық ауылдық округі әкімінің орынбасары Қайрат Ортабаев

Базар иесі құрылыстың қашанға дейін жалғасатынын айтпады. Бірақ жаңадан жабдықталатын базарда жалға беру құны қымбаттауы мүмкін. Осыған дейін сауда нүктесіндегі кейбір орындар 15 мыңнан жоғары сатылып келген екен.

Әлібек Шынтемір, Жақсылық Тілеппергенғ «Алматы» телеарнасы