Құрбан айт мейрамы эпидахуалға байланысты биыл да онлайн форматта өтеді

19.07.2021 в 23:00

Дін өкілдері діндарларды Құрбан айт мерекесіне жауапкершілікпен қарауға шақырады

Ертең – қасиетті Құрбан айт мейрамы. Алайда, бұл діни мейрам биыл да эпидахуалға байланысты онлайн форматта өтпек. Бұрын соңды болмаған үрдісті көпшілік әлі күнге дейін түсінбей келеді. Сол себепті Almaty.tv тілшісі Оразай Нұртай халықтың сұрағын арқалап, имамдармен тілдесіп қайтқан еді.

Қасиетті Құрбан айт күні тұрмыстық жағдайы жеткен әр мұсылман сауап алу үшін құрбандық шалады. Алайда, көне заманнан бері халқымыз ниет етіп келген діни мейрам биыл да дәстүрлі түрде емес, онлайн форматта өтеді. Құрбандық шалуға ниет етушілер 22-шілдеге дейін qurban2021.kz сайтына тіркелу қажет. Қазіргі таңда 200-ден астам алматылық құрбан шалу рәсіміне өтініш берген. Имамдардың айтуынша, ертеңнен бастап тапсырыс бергендердің есімдері дұғаға қосылып, садақасы мұқтаждарға таратылады.

«Тапсырыс берушілердің саны өкінішке қарай әлі де аз болып отыр. Небәрі қойға 120-ға жуық тапсырыс түссе, 120 адам қой шаламын деп ниет білдірді, 25-ке жуық ешкі шаламын дегендер болды. Сонымен қатар, 10 ірі қара малға қазір тапсырыс түсті», – деді қалалық бас имам Төлеби Оспан.

Эпидахуалға байланысты діни мерекеде өзге де шектеулер болады. Мәселен, өңірден кірген әр жүк көлігі тексерістен өтеді. Ал сақтық шараларының орындалуын қала кіреберісіндегі экобекеттер қадағалайды.

Қаланың Бас санитариялық дәрігерінің қаулысы бойынша Құрбан айт мерекесі күндері коронавирус инфекцияны таратуға ықпал ететін бұқаралық іс-шараларға шектеу қойылды. Дәл осындай 12 бекет қала сыртын бақылайды. Сондықтан Құрбан Айт мерекесі қарсаңында өңірден қала аумағына төрт түлік тасуға тыйым салынады.

«16 шілдеден бастап жергілікті полиция қызметкерлерімен бірлесе отырып, кезекшілікке шықтық. Біздің мақсатымыз қалаға басқа облыстардан мал кіргізбеу. Қала аумағына тек қана рұқсат қағазы бар мал таситын адамдар кіре алады», – деді мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспектор Салтанат Рахымқызы.

Дін өкілдері діндарларды Құрбан айт мерекесіне жауапкершілікпен қарауға шақырады. 

Оразай Нұртай, Сағындық Нарықов, «Алматы» телеарнасы