Алматы мейрамханасында қонақтарға робот-даяшылар қызмет көрсетеді

24.01.2022 в 20:36

Жұрт дәмхананың ерекше қызметкеріне Роботбек деп ат қойыпты

Алматылық мейрамханалардың бірінде даяшыларды роботтар алмастырып жатыр. Келушілерге сыпайы қызмет көрсетіп жүрген роботтың видеосы әлеуметтік желілерге тез тарады. Жұрт дәмхананың ерекше қызметкеріне Роботбек деп ат қойыпты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Елдің қызығушылығын тудырған бұл видео желіде қызу талқыға түсіп, тиктокта 4 жүз мыңнан астам қаралым жинап үлгерген. Қазақша мінсіз сөйлейтін даяшы-робот келушілердің тапсырысын уақытылы әрі сыпайы жеткізіп береді.

Қоғамдық тамақтану орнындағы екі робот бір айдан бері қызмет етеді. Құрастырушылар оларды үш ай дайындапты. Дыбысын, бағдарламасын, түрлі функциясын енгізген.

«Халыққа жақсы, ыңғайлы болсын дедік. Екіншіден, осындай роботтарды қазақша сөйлету арқылы біз жастарға, балаларға роботтардың тек ағылшын немесе орыс тілінде ғана емес, қазақ тілінде де сөйлеуге қуатты екенін жеткізгіміз келді. Өйткені бізге тамақтануға түрлі жанұя келеді, солардың арасында ұлттық мәдениетімізді, тілімізді ұлықтау, мәртебесін көтеру жағынан да аз болса да кішкене сеп болсын дедік», – дейді мейрамхана кешенінің директоры, роботты құрастырушы Бекболат Арыстанбекұлы.

Мұндай роботтарды дәмханаларда ғана емес, түрлі мақсатта қолдануға болады дейді өнертапқыштар. Әсіресе әуежай, теміржол вокзалдарында, қызмет көрсету орталықтары мен сауда үйлерінде жұмыс істеуіне мүмкіндігі толық жетеді.

«Әуежай болсын, ХҰКО болсын, әлеуметтік орындардың бәріне қоюға болады. Роботтар тек тамақ таситын даяшы ғана емес, ақпарат беруші де. Есіктен кірген кезде көбінесе үлкен кісілер «касса қай жерде, қайдан нөмір аламыз» деп сұрап жатады. Сондай кезде роботтар сұраған жеріңізге дейін жетектеп ертіп барады», – дейді Бекболат Арыстанбекұлы.

Робот құрастырушылары мұндай көмекші-машиналардың әрқайсының құны 3-4 млн теңгеге бағаланатынын айтады. Жоба авторлары алдағы уақытта роботтарды ауруханаларға да бейімдеуді жоспарлап қойыпты. Жалпы, мамандар мұндай тәжірибе, яғни роботтармен бірге жұмыс істеу әлемде кең тараған дейді. Өзіміздің Қазақстанға да бұл таңсық емес. Мәселен, Нұр-Сұлтан, Алматы мен Шымкент қалаларындағы «Қазпошта» бөлімшелерінде осы секілді роботтар елге қызмет етеді.

Назкен Еркін, Динара Сәбитова, Сағындық Нарықов, «Алматы» телеарнасы