Алматыда 2 мыңнан астам адам "қызыл" төлқұжатпен жүр

12.10.2020 в 22:24

Бұл туралы онлайн брифинг барысында Көші-қон қызметі комитеті төрағасының орынбасары Сабыржан Сейтжанов айтты

Алматыда 2 мыңнан астам адам "қызыл" төлқұжатпен жүр. Бұл туралы онлайн брифинг барысында Көші-қон қызметі комитеті төрағасының орынбасары Сабыржан Сейтжанов айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.

Оның сөзінше, ішкі істер органдары Қазақстан Республикасында жарамсыз төлқұжатпен өмір сүріп жатқан адамдарды анықтау жұмысы қарқынды жүргізіліп жатыр.

«Былтыр 1700-ден астам адам қызыл поспорт негізінде құжаттандырылған. Биыл 800 адамнан көп құжаттандырылды. Енді біздің эксперттеріміздің мәліметі бойынша, ол менің мәліметім емес. Бұлар жобалап 6 мың деп есептеп жатыр», – деді ҚР ІІМ Көші-қон қызметі комитеті төрағасының орынбасары  Сабыржан Сейтжанов.

Бастамашылардың сөзінше, қазір құжат ауыстыру бұрынғыға қарағанда оңай. Қызыл төлқұжатты ауыстыру үшін көші-қон қызметіне жүгіну қажет. Онда барған соң, түсініктеме жазып, өтінім беру керек. Содан кейін 15 жұмыс күнінен соң Қазақстан Республикасының құжаты дайын болады. Осы күні елде 6 мың адам кеңес одағы кезіндегі құжатпен өмір сүріп жатыр екен.