Әскери әлеует: Ауған соғысы ардагерлері сарбаздардың дайындығын пысықтады

15.02.2024 в 21:21

Кеңес әскерлерінің Ауғанстаннан шығарылғанына 35 жыл толды

«Біздің уақытта әскер басқаша болған». Отардағы казармалар мен полигонның бүгінгі хәлін көрген Ауған соғысы мен тәжік-ауған қақтығысының ардагерлері осындай баға берді. Зейнеттегі жауынгерлер қазақ армиясының ұрыс даласындағы біліктілігімен тынысып, қатардағы сарбаздардың дайындығы пысықталды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Айта кетейік, бұл іс-шара Қаһарман ұрпақ қоғамдық қоры мен «Оңтүстік» өңірлік әскери қолбасшылығының бастамасымен ұйымдастырылған. Онда қарулы күштердің қазіргі жай-күйі айтылып қана қоймай, ардагерлер шын майдандағы нәтижелі тактиканы түсіндірді.

Кеңес әскерлерінің Ауғанстаннан шығарылғанына 35, Қазақстан атқыштар батальонының тәжік-ауған шекарасындағы бітімгершілік миссиясының аяқтаулына 23 жыл толуына орай өткен іс-шара Қордай ауданындағы Гвардейск кентінен басталды. Шын майдан көрген ардагерлер әуелі Халық қаһарманы Сағадат Нұрмаханбетовтің ескерткішіне гүл шоғын қойып, рухына тағзым етті. Содан кейін арнайы техникамен әскери базаны аралап, ТМД бойынша ең үлкен саналатын Мәтібұлақ полигонына жол тартты.

– Ауған, тәжік жеріне жас сарбаздар осы жерден аттанған. Қазіргі Қазақстан Қарулы күштері дайындығы өте мықты. Біздің әскеріміз елімізді қорғауға дайын, – деді  «Оңтүстік» өңірлік әскерлері қолбасшысының орынбасары – 40- «Отар» әскери базасының бастығы Ержан Мейірманов.

Полигонда ардагерлерге ұрыс даласына арналған жаңа техникалар, заманға лайық қару-жарақтар мен қолданыстағы оқу-жаттығулар көрсетілді. Бұл тұста қатардағы жауынгерлердің дайындығы мен біліктілігі біраз сыналды. Әскерилер сондай-ақ шетелдегі оқиғаларға байланысты күнделікті жаттығуға айналған шайқас жүргізу тәсілін де таныстырды.

Қарулы күштеріміздің бүгінгі әлеуетімен таныстық полигоннан кейін, казармаларда жалғасты. Ардагерлер сарбаздардың қазіргі жатын орнын аралап, жағдайды көрді. Зейнеткерлердің айтуынша, қазіргі армияда көп дүние өзгерген. Бұрынғымен салыстыруға келмейді.

– Тамақтану мәселесі мен басқа да жағдайын көрдік. Тұратын жері әдемі, ұнады. Іші де жылы. Барлық жағдай жасалған, – деді тәжік-ауған қақтығысының ардагері Бауыржан Даумшаров.

Отан алдындағы борышын басын қатерге тігіп өтеген жандар 30 жылда әскери әлеуетіміз біраз жақсарғанын айтты. Бірақ мұнымен тоқтап қалмай, дамуын жалғастыра берген абзал деген пікірде. Отарда өткен бұл іс-шара сондай-ақ 30 жыл бұрын дәл осы әскери базада даярланып, майданға аттанған жауынгерлердің бас қосуына мұрындық болды.

Оразай Нұртайұлы, Медет Саматұлы, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Алматылықтар ауған соғыс ардагерлерінің рухына тағзым етті