Қауіпті вирустан қорғану мақсатында Қазақстан мен Қытай арасындағы шекарада санитарлық қорғаныс күшейтілген

30.01.2020 в 21:13

Себебі әлемді әбігерге салған дерт 17 елге тарап, 90 адамнан анықталған

Коронавирус ауруын жұқтырғандар саны 7711 адамға жетті. Кеселден 170 адам көз жұмды. Бұл туралы бүгін ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов мәлімдеді. Әлемді әбігерге салған дерт 17 елге тарап, 90 адамнан анықталған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Инфекциядан сақтану мақсатында Қазақстан мен Қытай Халық Республикасы арасындағы шекарада санитарлық қорғаныс күшейтілген. Келіп жатқан азаматтар  жіті тексерілуде. Әзірге  20 500 адамның шекарадан өткені белгілі. Оның ішінде 526-ы шетелдік азамат. Қытайдан келгендердің 78 пайызы тіркеуге алынған.

«Осы азаматтардың және шетелден келген азаматтардың арасында жоғары температурамен және басқа да симптомдармен 54 азамат ауруханаға жеткізілді. Олардың диагноздары осы вирустық инфекцияға байланысты және мүмкін коронавирустық инфекциясының ауруымен байланысты ауруханаларға жатқызылды. Олардың арасында 16 азамат диагноз қойылып, ауруханадан шығарылды.  Қазіргі күні бүкіл ауруханаларда 38 науқас емделіп жатыр», - деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан БІРТАНОВ.

Сонымен қатар еліміздің бас дәрігері Алматы қаласында орналасқан аса қауіпті инфекцияларға байланысты Ұлттық ғылыми орталықтың негізінде биотехнологиялық орталық мамандарымен бірлесіп, арнайы генетикалық-диагностикалық зерттеу жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Зерттеулердің нәтижесінде емдеу шаралары жүргізіледі. Елімізде инфекциялық ауруларға арналған 10 мыңнан астам арнайы орындар дайындалған. Барлық ауруханаларда қажетті дәрі-дәрмек пен диагностикалық қорғау тауарлары, бетперделер сатып алынып жатыр деді Елжан Біртанов.