Алматы облысында тоқ бағаны суға құлауы мүмкін

05.07.2022 в 20:47

Жауапты басқарма өзен аумағы жеке учаскеге қарайтынын айтты

Жоғары қуатты тоқ бағаны суға құласа, аудан жұрты зардап шегеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Жоғары кернеулі баған өзен бойында орналасқан. Су шайып, жар құлаған сайын электр қондырғысы да өзенге қарай қисайып барады. Аудан тұрғындары баған суға құласа, оқыс жағдайдан опат боламыз ба деп қорқады.  

«Үлкен баған құласа өмірімізге қауіп төнейін деп тұр. Мұндағы әр үйде 2-3 бала бар. Электр мамандарын шақыртып, тексерткенбіз. Олар еш қауіп жоқ деп кетіп қалады», – деді қала тұрғыны Надежда Иманқұлова.

«2 ай бұрын өзен мен зират арасындағы арақашықтық 20 метр болатын. Айналасы 2 айдың ішінде жар құлап, 3 метр ғана қалды», – деді қала тұрғыны Гүлсара Яхияева.

Белгілі болғандай, өмірге қауіп төндірген жоғары кернеулі тоқ бағаны мен зират Алматы облысы аумағына қарасты екен. Жауапты басқармаға хабарласқанымызда өзен аумағы жеке учаскеге қарайтынын айтты.

«Бұл ел аузында «Цыганка» деп аталып кеткен өзен. Ағын судың арнасы әр 5-10 жыл сайын өзгеріп отырады. Қазір біз өз тарапымыздан апатты жағдай болады-ау деген жерлерді анықтап, таспен бөгет жасап қойдық. Жағдай бақылауда», – деді учаске бастығы Еркімбай Қондыбаев.

Десе де кішкентай тастан тұрғызылған тірек мәселенің шешімі болмайды дейді тұрғындар. Жоғары екпінмен келетін тау суы кез келген уақытта бағанды қиратып кетуі мүмкін деп қауіптенеді.

Ұлағат Арғын, Сағынтай Мұңайтпасов, «Алматы» телеарнасы