Жер сілкінісі кезінде қауіптен сақтану іс-шаралары қандай: оқу-жаттығу өтті

31.01.2024 в 21:10

Дабыл қосылып, мекемедегі барша жан далаға эвакуацияланды

Алматыда жер сілкінісі қаупінен сақтану шараларын пысықтайтын кең көлемді оқу-жаттығу жиындары жүргізілуде. Басты мақсат – тұрғындардың төтенше жағдай кезіндегі іс-қимылға дайындығын пысықтау, деп хабарлайды Almaty.tv.

Осы мақсатта Төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері Гончаров атындағы Қазақ автомобиль-жол институтында арнайы сейсможаттығу өткізді.

– Оқу-жаттығуларын білім беру мекемелерінде жүргізіп жатырмыз. Жер сілкінісі кезіндегі адамның ең бірінші іс-әрекеті қалай болуы керек? Арнайы қобдишаға не салу керек?  Бәрін түсіндіру – масатымыз, – деді Алатау аудандық Төтенше жағдайлар басқармасының бас маманы Дастан Нұрғалиев.

Төтенше жағдайлар басқармасының мамандары студенттерге жалпы ережелерді таныстырып, жер сілкінісіне дейін, кейін және жер сілкінісі кезінде қалай әрекет ету керек екенін түсіндіріп, жадынама таратты. Оқу-жаттығу жұмыстары барысында жиынға қатысушылар алаңдататын сұрағын қойып, мамандардан толық жауап алды. Бейненұсқаулықтармен танысып, практикалық тұрғыда сейсможаттығу жүргізілді. Дабыл қосылып, мекемедегі барша жан далаға эвакуацияланды.

– Эдвайзерлік сағаттарда осы іс-шараны қайталаймыз. Өйткені Алматы қаласы сейсмикалық аймаққа жатады. Бірінші курстың студенттеріне түсіндірдік, жоғарғы курстағылар бейімделіп қалды, – деді Л.Б. Гончаров атындағы Қазақ автомобиль-жол институтының тәрбие жөніндегі проректоры Раиса Жанакова.  

Оқи отырыңыз: Жер сілкінісі Алматы облысы бойынша 44 нысанға зақым келтірген