Елордада Наурыз мейрамы қалай өтті

22.03.2022 в 20:50

Саябақтар мен орталық көшелерде ақшаңқан киіз үйлер тігіліп, ұлттық дәстүрлер дәріптелді

Елорда да Наурыз сән-салтанатымен тойланып жатыр. Биыл карантиндік шектеулердің жеңілдетілуіне байланысты Нұр-Сұлтан қаласының өзінде 100-ден астам мерекелік шара ұйымдастырылды. Саябақтар мен орталық көшелерде ақшаңқан киіз үйлер тігіліп, ұлттық дәстүрлер дәріптелді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Ұлыстың Ұлы күні Арқада ауа райы өзгеріп сала берді. Алайда ақтүтек боран елорда тұрғындарының көңіл күйіне әсер еткен жоқ десе болады. Орталық көшелерде ұйымдастырылған мерекелік шараларға халық көптеп жиналып жатыр. Ауа арайының бұзылуын керсінше жұртшылық жақсылыққа балауда. Бір байқағанымыз халық шынымен Наурызды сағынып қалған екен.

«Қазақ елі» алаңында этноауыл бой көтерді. Жастар алтыбақан теуіп, үлкендер мерекелік концертті тамашалады. Ал әр киіз үйдің ішінде ұлттық дәстүрлер мен өнеріміз дәріптеліп жатты.

Ал ЭКСПО алаңында өнер жұлдыздарының қатысуымен концерт өтті. Ұлттық спорт түрлері бойынша сайыстар ұйымдастырылды. Наурыз - табиғаттың ерекше бiр түрге бөленіп, жаңаратын кезi болғандықтан бұрқасын боранның ұйытқуын жылдың берекелі болатынымен байланыстырып жатты халық. Көкейлерінде сайраған тілектері - еліміздің тыныштығы.

Иә, қазақ халқы жаңа жылдан, елдегі жаңа бастамалардан үлкен үміт күтеді. Және сол ұлы мақсатқа бірлік пен еңбектің арқасында жететінімізге де сенімдері зор.

Асылбек Тойбек «Алматы» телеарнасы.

Tags: Наурыз