Көшемізді сатып жіберді – Алматы маңындағы ауыл тұрғындарының шағымы

24.03.2022 в 21:01

Тұрғындар «енді оқушылар мектепке, біз қалаға қатынаудан қалдық» дейді

«Жолсыз қалдық, ол аздай, жарығымыз жиі өшеді» деген Алматы облысының тұрғындары арнамызға базынасын айтты. Елтай ауылдық округіне қарасты Уют пен Лидер саяжайларының тұрғындары көшеміз сатылып кетті деп ашулы. Олардың айтуынша, саяжай төрағасы ол жерді жеке компанияға сатып жіберген. Тұрғындар «енді оқушылар мектепке, біз қалаға қатынаудан қалдық» дейді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

  

Көшесіз қалдық деген көпшілік бұрын осы жол арқылы ауылға өтетін едік дейді. Қазір бұл жерді жеке компанияға сатып жібергенін айтады. Содан көше қоршауда, ал жұрт ауылға кіре алмай дал болған.

«2007 жылы осы жерге қаулы шыққан. Бұл жердегі өзіміз жасаған көшені сатып жіберіп отыр. Жеке адамға беріп жіберген», - дейді күйінген ауыл тұрғыны Дәурен Ақтайов.

«Үй біздің рельстен 5 шақырым қашықтан салынуы керек деді. Содан соң ол рельсті сатып жіберді. Төрааға оның үстін қоқыспен жауып тастады. Ал қоқыста егеуқұйрық қаптап жүр. Мен онкологиямыен ауырамын. Мына қоқысты құрт дедім. Қазір біз жаңа салынған жолмен кіріп жүрміз. Ол егіс арасынан салынған батпақты жол», - дейді тағы бір тұрғын Майра Айқынбаева.

Жолсыз қалдық деген жүздеген отбасы «енді үйімізге қоқыс үйіндісін кешіп әзер өтеміз» дейді. Ал оқушыларымызды екі күннің бірінде құтырған ит қауып, әбден әбігерге салды деп отыр.

Жағдайын айтқан жұртшылық жергілікті әкімдіктің уәдесіне де тойдық дейді. Өйткені олар жеке саяжай мәселесіне заң аясында араласа алмайтынын айтыпты. Қайткенде де Елтай ауылдық округі әкімдігі аталмыш түйткілдің түйінін тарқатуға атсалысатынын жеткізді.

«Жекенің жері. Төраға бізге бұл туралы айтқан болатын. Бұл жер елдімекеннің шекарасынан тыс болғандықтан, қазір жауапты құзырлы органдарға берілді. Енді жер қатынастары мен архитектура бөлімі қарастырады», - деді Елтай ауылдық округі әкімінің орынбасары Біржан Белқожаев.

Ал тұрғындармен өзара келісіп барып, бұл жерді қоршадық деген компания басшысы істің бәрі заң талаптарына сәйкес жасалып жатқанын алға тартты.

«Жолды жабар алдында біз бүкіл тұрғындарды жинап алып, «Жігіттер, біз мына жолды жабамыз» деп айттық. Олар «Онда бізге балама жол салып беріңдер» деп айтты. Біз бұл жолды өз есебімізден салдық. Енді қазір бір жыл өткеннен кейін «2 жыл жолға кепілдік береміз, бірақ бізге кедергі келтірмеңдер» деп айттық. Енді бір жыл өтер-өтпес уақытта, ісіміз енді алға баса бергенде тұрғындар осылай жинала берген соң, клиенттеріміз қашып кетті», - дейді логистикалық компанияның директоры Бексұлтан Тәтібаев.

Ал ауылға кіру үшін бөлінген басқа жер телімі де жеке компанияға тиесілі болып шықты. Ең қиыны, олар да жолды қоршап, құрылыс бастауға бекінген екен. Ондай жағдайда ауыл қаладан да, облыстан да оқшауланып қалмақ. Оқыс жағдайда не өрт сөндіру қызметі, не жедел-жәрдем келе алмайды деп халық налып отыр.

Әлібек Шынтемір, Ғани Қалуов, Мұратбек Алмасхан, «Алматы» телеарнасы