Қазақстанға Ауғанстандағы қандастар жеткізілді

10.09.2021 в 14:41

Бұл туралы Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли хабарлады

Мемлекет басшысының тапсырмасымен Ауғанстаннан Алматыға 35 қандас жеткізілді. Қорғаныс министрлігінің ұшағымен елге барлығы 41 жолаушы ұшып келген, деп хабарлайды Almaty.tv

Төртеуі   ел азаматы, біреуі   Қырғызстан тұрғыны. Жолаушылардың арасында Қазақстанда тұратын бір ауған бар. Олардың бәрі карантин шараларына байланысты уақытша оқшауланады. 

«Бүгін Алматы әуежайына Ауғанстан аумағынан этникалық қазақтардың бірінші легі келіп қонды. Өзіміздің қандастарды Ауғанстаннан шығару Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, Cыртқы істер министрлігінің ұйымдастыруымен және ҚР Кабулдағы Елшіліктің қолдауымен болған еді», – деді «Отандастар» қорының вице-президенті Мағауия Сарбасов.

Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, эвакуациялық рейс елде тыйым салынған «Талибан» қозғалысымен үйлестіріліп ұйымдастырылған. Сондай-ақ, ведомство Кабул қаласында Қазақстанның елшілігі қалыпты режимде жұмыс істеп жатқанын хабарлады. Олар ауған жеріндегі қандастармен тұрақты байланыста болып, өтініш берушілердің этникалық сәйкестігін растау мен қандастарды қайтару жұмыстарын жалғастырады. 

«Комиссияға бізді шақырды, онда бізді тексерді. Сұрақтарын қойды. Қазақстанда туыстарың бар ма деп сұрады. Көмектесіп, атсалысып алып келгендері үшін рахмет», –деді Ауғанстаннан келген қандас Хасан Дерман.