Қызылорда мен Түркістан облыстары арасында жол жабылды

31.01.2024 в 08:09

Оған ауа райының бұзылуы себеп болған

Қызылорда облысының оңтүстігінде күн бұзылды. Осыған байланысты «Самара-Шымкент» автомобиль жолының бірқатар бөлігінде жол жабылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Қызылорда облыстық төтенше жағдайлар департаментіне сілтеме жасап.

Қызылорда облысының оңтүстігінде қар аралас жаңбыр, ауа температура нөлден төмен болды.

Соның салдарынан ауа райы күрт нашарлады.

«Астана қаласының уақытымен 30 қаңтарда сағат 22:20-ден бастап республикалық маңызы бар «Самара-Шымкент» автомобиль жолының 1802-2055,5 шақырым аралығына барлық көліктің қозғалысына уақытша шектеу қойылды. Ол Қызылорда қаласынан Түркістан облысының шекарасына дейінгі аралықты қамтиды», - деп мәлім етті Қызылорда облыстық төтенше жағдайлар департаментінен.