Қолайсыз ауа райы: Жезқазған – Петропавл тасжолы жабылды

11.01.2024 в 14:25

Аймақта 8 автокөліктің қатысуымен жол апаты болған

Ауа райының қолайсыздығына байланысты Жезқазған – Петропавл, Жезқазған – Сәтбаев тасжолдары да жабық. Ақтүтек боранның салдарынан жол апаты болып, кептеліс туындаған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Ауа райының қолайсыздығы республикалық маңызы бар жолдың жабылуына себеп болып отыр. Бүгінде қатты желдің, қардың, көктайғақ салдарынан Есіл – Жезқазған – Петропавл тас жолындағы Жезқазған – Сәтбаев бағытында көліктің барлық түрі үшін қозғалыс шектелген. Бірнеше сағаттан бері жолда тұрған көлік жүргізушілері қолайсыз ауа райының кесірінен жұмыстарына кешігіп жатқанын айтады.

– Кептелісте тұрғаныма 49 минут болды, жол жоқ, күн боран, жұмысқа бара жатқан адаммын. Сағат 5.30-да ауысымнан шығатындарды жинауға баруым керек, автобуста жұмыс істеймін, – деді Сәтбаев қаласының тұрғыны Мақсат Әлиев.

Ауа температурасының төмендеуіне және қардың қалың жаууына байланысты Ұлытау облысы Полиция департаменті және Сәтбаев қаласы полиция бөлімінің қызметкерлері жүргізушілер мен жолаушылардың үйлеріне аман-есен жетуіне қызмет етіп, жолдарда бақылау жүргізуде. Сондай-ақ олар тасжолда барынша мұқият болуға шақырады.

– Құрметті Сәтбаев қаласының тұрғындары мен қонақтары, 10 қаңтарда ауа райының нашарлауына байланысты Сәтбаев-Жезқазған, Сәтбаев – Малшыбай арасындағы тасжол жабық екенін хабарлаймыз. Жолда апаттық жағдай болып жатыр, ескертуге құлақ асуға шақырамыз, – деді Сәтбаев қаласы ПБ взвод командирінің орынбасары Айдос Рамазанов.

Сондай-ақ күн райының құбылмалылығынан Жезқазған – Петропавл тасжолында 8 автокөлік соқтығысып, жол апаты болған. Соның салдарынан бір жүргізуші жарақат алып, жедел жәрдем қызметіне жүгінген.

– Жезқазған қаласының тұрғындары мен қонақтары, ауа райының күрт нашарлауы салдарынан Жезқазған – Петропавл тасжолында Жезқазған тарапынан Кеңгір кентіне жетпей 8 автокөлік соқтығыстыы. "Нива" автокөлігінің жүргізушісі апат салдарынан қолын ауыртып алған. Жедел жәрдем көмегі алғашқы көмек көрсетті. Жол апатына қатысты барлық автокөлік жүргізушілеріне түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр, – деді Ұлытау облыстық ПД рота патрульдік полициясының командирі Дархан Алюбаев.

Алтынгүл Төлегенова, Дастан Рүстем, "Алматы" телеарнасы, Ұлытау облысынан

Оқи отырыңыз: 11 қаңтарға арналған ауа райы болжамы