ҚР Президенті қазақстандықтарды Алғыс айту күнімен құттықтады

01.03.2020 в 11:29

Баршаңызды Алғыс айту күнімен шын жүректен құттықтаймын! - Қасым-Жомарт Тоқаев

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Алғыс айту күнімен құттықтады, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі. 

Мемлекет басшысының Алғыс айту күнімен құттықтауы:

Құрметті қазақстандықтар! 

Баршаңызды Алғыс айту күнімен шын жүректен құттықтаймын! 

Елбасы белгілеген бұл мейрам – өзара құрмет пен сенімнің, мейірім мен ізгіліктің мерекесі. 

Қазақ жұрты қиын-қыстау кезеңде амалсыз қоныс аударған миллиондаған адамның құтты мекеніне айналды. Олардың өздері де, ұрпақтары да жерімізден пана тауып, өсіп-өніп, Қазақстанның дамуына зор үлес қосты. 

Бұл күні біз елді өркендететін тату тіршілік пен жарасымды сыйластық жолындағы ниетіміздің тоғысқаны үшін бір-бірімізге алғыс айтамыз. 

Тәуелсіздік кезеңіндегі табыстарға береке-бірліктің арқасында ғана қол жеткіздік. Бұл – егемен еліміздің баға жетпес байлығы. 

Сондықтан бұл қастерлі құндылықтар әрдайым айнымас темірқазығымыз болып қала береді. Ішкі саяси тұрақтылық – әрбір қазақстандықтың зор жауапкершілік пен белсенділік танытуының нәтижесі. 

Еліміздің барлық азаматтарына Қазақстанды дамытуға қосқан өлшеусіз үлесі үшін шынайы ризашылығымды білдіремін. 

Әр отбасына амандық пен игілік тілеймін!