Елімізде италиялық инвесторлар газ өңдеу зауытын салмақ

19.01.2024 в 15:28

Италия – Қазақстан үшін маңызды серіктестердің бірі

Қазақстанда италиялық компаниямен бірге гибридті электр станциясы мен газ өңдеу зауыты салынады. Мұндай жоба елімізде алғаш рет іске асырылмақ. Күні кеше Римде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен 30-ға тарта халықаралық кәсіпорын өкілдерінің кездесуі өтті, деп хабарлайды  Almaty.tv тілшісі.

Италия –  Қазақстан үшін маңызды серіктестердің бірі. Екі ел арасындағы тауар айналымы шамамен 15 миллиард долларға жеткен. Ал келешекте аталған көрсеткішті 20 миллиардқа жеткізу жоспарлануда. Бұл туралы қос мемлекеттің басшылары Қасым-Жомарт Тоқаев пен Серджо Маттарелланың кездесуінде айтылды. Аталған бағыттағы алғашқы қадам Италия мен Қазақстан арасындағы жолаушылар тасымалының ұлғаюы болмақ.

– Мемлекет басшысының Neos әуе компаниясының басшылығымен кездесуі аяқталды. Бұл – италиялық әуе компаниясы. Әуекомпания басшылығы Астана-Рим, Астана-Милан және біздің ашық аспан режимі аясында Италиядан Ақтау арқылы Үндістанға рейстерді  ашу туралы жоспарын баяндады. Аталған рейстердің барлығын жыл соңына дейін іске қосуды көздеп отырмыз. Бұл, әрине, туризмді, экономикалық байланыстарды, бизнесті дамытуға серпін береді, – деді ҚР Көлік вице-министрі Талғат Ластаев.

Сондай-ақ өткен жылы Каспий құбыр консорциумы арқылы Қазақстаннан 63,5 млн тонна мұнай жеткізілді. Ел Президентінің айтуынша, Қазақстан Үкіметі мен барлық консорциум қатысушыларының, соның ішінде «ҚазМұнайГазбен» италиялық компанияның бірлескен күш-жігерінің арқасында мұндай нәтижелерге қол жеткізді.

– Қол қойылған құжатқа сәйкес, Жаңаөзен қаласында 2024-2026 жылдары қуаттылығы шамамен 240 МВт, жалпы құны 306 млн долларды құрайтын жел, күн және газ электр станциялары салынады, – деді «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев.

Бүкіл әлемде технологияның қаншалықты жылдам дамып жатқаны мен  энергияға жаһандық сұраныстың артқанын ескере отырып, Мемлекет басшысы италиялық кәсіпкерлерді маңызды шикізатты өндіру мен өңдеуде ынтымақтастыққа шақырды. Сондықтан жақын арада оңтүстік өңірде күкірт қышқылын шығаратын зауыт пайда болады.

– Біз мұнай-газ және мұнай-химия саласында инжинирингтік қызмет көрсететін ірі еуропалық компаниялардың бірі саналатын Maire Tecnimont-пен келісімге қол қойдық. Оған сәйкес, компания Қазақстанда толыққанды кеңсесін ашады. Сондай-ақ «Balestra» компаниясымен Түркістан облысында қуаттылығы 800 мың болатын күкірт қышқылы зауытын іске қосу туралы келісім де жүзеге асады. Бұл зауыт «Қазатомөнеркәсіп» компаниялар тобының кәсіпорындарын күкірт қышқылымен қамтамасыз етеді, – деді  «Самұрқ-Қазына» қоры басқарма төрағасы Нұрлан Жақұпов.

Келіссөздер аясында Алматыдағы ЖЭО-3 544 МВт қуаттағы құрамдас циклді қондырғының бірлескен құрылысы туралы да айтылады. Сонымен қатар италиялық технологияларды пайдалана отырып, дәнді дақылдарды өсіру мен елімізде өңдеуді қарастыратын ауыл шаруашылығы жобаларын жүзеге асыру да жоспарда бар.

Жансая Олжабек, Алмат Ілиясов,  «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Мемлекет басшысының Италияға сапары: екі ел арасында қандай құжаттарға қол қойылды