Конституциялық сотқа бір айда 800-ден аса өтініш түскен

06.02.2023 в 21:03

Сарапшылардың айтуынша, бұл – азаматтық қоғамның жандануына жасалған қадамның бір көрінісі

Жаңа жылдан бастап жұмысына кіріскен Конституциялық сотқа бір айдың ішінде азаматтардан 800-ден аса өтініш түскен. Бұл туралы Конституциялық соттың баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабардайды Almaty.tv тілшісі.

«Жаңа және Әділ Қазақстанды» құру керегін Президент Жолдауында айтып келеді. Бұл ретте ең алдымен елдің бас құжатын қайта қарап, оған өзгеріс енгізу керек болды. Сондықтан 5 маусымда республикалық референдум өтіп, нәтижесінде азаматтардың 77 пайызы өзгеріс енгізуге келісімін берді.

Референдум арқылы ҚР Ата заңына енген маңызды өзгерістер:

Суперпрезиденттік басқаруды күшті парламенті бар президенттік формаға көшіру; Жер мен оның қойнауы, табиғи ресурстар халыққа тиесілі; Президент туыстарының мемлекеттік қызметші болуына, басшылық лауазымдарын атқаруына тыйым салу; Қазақстандықтардың өз бетінше Конституциялық сотқа жүгіне алуы; Өлім жазасына тыйым салу; Мәжіліс депутаттарын аралас сайлау жүйесімен таңдау; Сенаттағы Президент квотасын қысқарту, мәжілістегі ҚХА квотасын жою; Мажоритарлық сайлау жүйесін енгізу; Тұңғыш президенттің ерекше рөлі туралы ережелерді алып тастау.

Бұл толықтырулардың ішінде Конституциялық соттың қайта іске қосылғанына ерекше тоқталу маңызды. Биыл қаңтарда жұмысқа кіріскен сот бір айдың ішінде азаматтардан 800-ден аса шағым қабылдап үлгерген. Халық түрлі деңгейдегі сот шешіміне, зейнетақы жүйесіне, еңбек және тұрғын үй, қылмыстық атқару жүйесіне қатысты сұрақ қойған. Сарапшылардың айтуынша, бұл – азаматтық қоғамның жандануына жасалған қадамның бір көрінісі.

«Конституциялық соттың еліміздегі авторитарлық үкіметтің болмауын қамтамасыз етеді. Ол әрбір сатыдағы сот шешімдерін немесе Жоғарғы сот шешімін қайта қарамайды. Бірақ Конституциялық сотқа әрбір адам адам құқығы жөніндегі амбудсмен, басқа да өкілдер шағымдана алады», – деді  «Қазақстандық заңгерлер одағы» РҚБ қалалық филиалының төрағасы Бауыржан Мақұлбаев.

Референдумнан бөлек, Мемлекет басшысы саяси реформаларға бастайтын шешуші қадам жасады. Мерзімінен бұрын президенттік және парламенттік сайлау өткізу ұсынылды. Әрі президенттікті жеті жылдық мерзіммен шектеуді енгізді.

«Халық алдында есеп беретін мемлекетті құратындай жағдай жасалып жатыр деп айтуға негіз бар және солай да істеліп жатыр. Алғашқы сенат сайлауы да өтті. Бұл халық пен биліктің арасындағы тағы бір дәлелдейтін дүние. Саяси реформалар жалғасып, демократияландырудың белгілі бір шегіне жетуге тиіс», – деді саясаттанушы Жомарт Сімтіков.  

Елдің саяси және экономикалық өміріндегі өзгеріс бір жылда іске аспайтыны анық. Дегенмен демократиялық қоғам құруға талпыныс қарқыны байқалады.Мұның бәрі сайып келгенде, билік пен қоғам арасындағы тұрақты диалогты орнатуға, ашық қоғам құруға септігін тигізеді.

Назкен Еркін, Мейрам Исабеков, «Алматы» телеарнасы