Петропавлда құбыр жарылып, қала тұрғындары сусыз қалды

02.12.2022 в 09:25

Апат орнында түсірілген видео әлеуметтік желіде лезде тарап кетті

Петропавлда су жүйесінде тағы апат болып, 15 тұрғын үй, облыстық балалар ауруханасы, бейімдеу орталығы, Петропавл нан зауыты және "Севказэнерго" АҚ комбинаты сусыз қалды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Қаладағы М.Жұмабаев көшесінде су құбыры қайта жарылды. Апат орнында түсірілген видео әлеуметтік желіде лезде тарап кетті.

Кәріз құдықтарынан тасып, ағып жатқан су бірден көшені алып, жеке сектордағы тұрғын үйлерге қауіп төндірді. Тұрғындардың айтуынша, қазіргі уақытта облыс орталығының бірқатар ауданында су жоқ.

Оқиға орнында Петропавл әкімі Руслан Аңбаев та жүр.

"М.Жұмабаев көшесінде су құбыры жарылды. "Қызылжар Су" ЖШС-ның авариялық бригадасы жұмыс істеп жатыр. Қазір далаға аққан су тоқтатылды, мамандар себебін анықтауда. Қаланың басым бөлігінде су беру қысымы төмендетілді.

Осы аудандағы 15 үйде қазіргі уақытта су жоқ. Сондай-ақ облыстық балалар ауруханасы, бейімдеу орталығы, Петропавл нан-тоқаш комбинаты мен "Севказэнерго" АҚ сусыз отыр", - деп жазды әлеуметтік желідегі парақшасында Руслан Аңбаев.

Әкімнің айтуынша, қала сусыз қалмайды. Алдағы бірнеше сағатта құбырдағы қысым біртіндеп көтеріледі. Ал апат болған аудан тұрғындары мен әлеуметтік нысандарға су жеткізілетін болады.

Айта кетейік, Петропавлда қарашаның басында ғана су желісінде ірі апат болып, қала бірнеше сағатқа судан ажыратылған болатын.