Алматыдан Қостанайға 40 тонна гуманитарлық көмек кетті

05.09.2022 в 09:37

Игі іске қала тұрғындары, еріктілер мен кәсіпкерлер және мәслихат депутаттары үлес қосты

Алматыдан Қостанайға 40 тонна гуманитарлық көмек кетті, деп хабарлайды Almaty.tv.

Қала тұрғындарының күшімен барлығы 120 тонна жиналған, оның ішінде азық-түлік, киім-кешек, бірінші кезекте қажетті заттар, сондай-ақ тұрмыстық техника, құрылыс материалдары және арнайы жабдықтар бар. Игі іске қала тұрғындары, еріктілер мен кәсіпкерлер және мәслихат депутаттары үлес қосты. Ал бүгін тағы 4 жүк көлігін аттандыру жоспарланып отыр.

«Қостанайда болып жатқан қайғылы оқиға ешқайсымызға бей-жай болып жатқан жоқ. Бүкіл ҚР тұрғындары қолынан келгенше көмегін беріп жатыр. Өздеріңіз көріп отырғандай Алматы қаласынан да таңнан бері ел-жұрт болып, 20 тонналық 6 жүк көлігі тиелді. Қазіргі таңда 2 фура 20 тонналық Қостанайға қарай жол шекпекші», – деді қалалық мәслихат депутаты Гүлжан Бекенова.

Жіберілген азық-түлік, керек-жарақтың бір бөлігі – аудан әкімдіктерінің қолдауымен және АMANAT партиясының «Жастар рухы» жастар қанаты ұйымдастырған 10 гуманитарлық көмек жинау пунктіне әкелінген тауарлар.

«Көмек береміз деп хабарласып жатқан қала тұрғындары өте көп. Бұл жұмыс тоқтамайды. Осылай жүргізіле береді. Біз әлі күнге дейін өрттің қандай зардабы, салдары бар екенін білмейміз. Сондықтан мұндай көмекті әлі де қабылдай береміз», – деді қалалық «Жастар рухы» ЖҚ төрағасы Әкежан Кеңесов.