Оралда жарылыс орнынан 3 адамның денесі табылды

26.04.2023 в 19:55

Қайғылы оқиға 25 сәуірде Құсайынов көшесінде болған

Оралда гараж өртеніп, 3 адамның мерт болуына байланысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Almaty.tv.  

Батыс Қазақстан облыстық полиция департаменті мәлім еткендей, қазір өрт қауiпсiздiгi талаптарын бұзу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Ахмедияр Құсайынов көшесіндегі гараждың өртенгені туралы хабар төтеншеліктерге кеше кешкі 21:00 шамасында жетіпті. Олар оқиға орнынан үш адамның мәйітін тапқан. 1982 жылы туған әйел адам және 1997, 2002 жылғы ер адамдар. Оның біреуі гаражды жалға алып, жұмыс істеген көрінеді. 

Мәйіттер сот медициналық сараптамаға жіберілді.

«Аталған факті бойынша ҚР ҚК 292-бабы 3-бөлігіне (абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан өрт қауiпсiздiгi талаптарын бұзу) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Тиісті сараптама басталды. Мүрделер сот медициналық сараптамаға тіркелді. Өлімнің себебі анықталуда», – БҚО Полиция департаментінің баспасөз хатшысы Дариға Мәжитова.

Өрт салдарынан көміртегі тотығымен уланған төртінші адамға ауруханада медициналық көмек көрсетілген. Ал сол маңда тұратындар қатты жарылыстың дауысын естідік дейді.

«Қатты дауыс естіліп, жарылыс болды. Мен ол кезде үйде едім. Кейін құтқарушылар келді. Бұл жерде үнемі көлік жөнделеді, дәнекерлеу жүргізіледі. Жанып кеткен әйел гараж иесінің азаматтық некедегі жұбайы. Бар білетінім осы», – деді қала тұрғыны Павел Пустобаев.

Төтеншеліктер көлік жөндеу орнынан әрқайсысының сыйымдылығы 50 литр болатын 4 оттегі баллонын шығарыпты.

«Тілсіз жау» сағат 21:32-де оқшауланып, 22:02-де ауыздықталды. Барлығы 23 адам, 7 техника жұмылдырылды. Газ баллон жарылысы болған жоқ. Қазіргі таңда оқиғаның жай-жапсары анықталуда», – деді Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бас маманы Абылай Махамбетов.

Қызыл жалын шарпыған гараждың аумағы шамамен 30 шаршы метрді құрайды. Ондағы «Нива» автокөлігі де күлге айналып, өрттен жеке тұрғын үйдің төбесіне дейін жанып кеткен. Оқиғаның жай-жапсарын тексеріп жатқан полицейлер бұл қасақана ұйымдастырылған қылмыс болса кінәлілер жазасыз қалмайды дейді. Жалпы жыл басынан бері Батыс Қазақстан облысында 164 өрт оқиғасы тіркеліп, салдарынан 4 адам қаза тауып, тағы 4 адам жарақат алған.

Айнара Иса, Юри Оспенко, «Алматы» телеарнасы