Маңғыстауда мұғалім 1-сынып оқушысын шапалақпен ұрды – видео

04.05.2022 в 10:04

Ол өз әрекеті үшін кешірім сұрамаған

Маңғыстау облысындағы Ақшұқыр ауылының тұрғыны мектеп дәлізімен жүгіріп келе жатқан қызды екі рет ұрып жіберген мұғалімнің үстінен шағым түсірді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Sputnik Қазақстанға сілтеме жасап.

Ата-ананың айтуынша, оқиға осы жылдың 11 сәуірінде болған. Үш аптадан кейін, яғни 3 мамырда оқушы қыздың анасы мектеп директоры мен облыстағы білім сапасын қамтамасыз ету департаментінен арызына жауап алған.

Гимназия директоры өз жауабында параллель сыныптың мұғалімі қызды ұрмағанын, жүгіріп бара жатып құлап қалмау үшін ұстап қалғанын жазған. Облыстық білім басқармасынан келген хатта 12 сәуірде мұғалімге қатаң сөгіс жарияланғаны айтылған. Ал 14 сәуірде ол жұмыстан босатылған, бірақ жауапта қай бап бойынша екені көрсетілмеген.

Қыздың анасының сөзіне қарағанда, мұғалім өзімен, директормен және педагогикалық ұжыммен сөйлескен кезде сол күні көңіл-күйі болмағанын айтқан. Сонымен бірге ол өз әрекеті үшін кешірім сұрамаған.

Бірінші сынып оқушысының анасы оқиғадан кейін мұғалім 12 және 13 сәуірде жұмысқа шығып, 14 сәуірде өз еркімен жұмыстан кеткенін айтады.

"Мұғалімнің қай бап бойынша жұмыстан босатылғаны белгісіз болғандықтан, бір жылдан кейін ол бұрынғы қызметіне орналасып, балаларды оқытуды жалғастырады деген сөз. Мен бұған жол бермеймін. Оны ұстаздық қызметпен айналысу құқығынан айыру керек", - дейді ата-ана.

Қыздың анасы білім министрлігіне арыз жазбақшы.