СҚО-да су тасқынына қарсы шаралар күшейтілді

08.04.2024 в 14:08

Төтенше жағдайлар депарменті мен жергілікті билік 105 адамды қауіпсіз орынға көшірді

СҚО-да Сергеев қоймасында су деңгейі төрт метрден асып, ернеуінен тасып жатыр. Мамандар ол бір апта ішінде Петропавлдың маңына келуі мүмкін деп болжап отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Есіл өзенінің жағасында орналасқан елдімекендер мен ауылдар қауіпті аймақта қалды. Онда су тасқынына қарсы күшейтілген шаралар жүріп жатыр. Топан судан келетін залалды азайту үшін құтқарушылар мен еріктілер күндіз-түні жұмыс істеуге мәжбүр.

– Сергеев су қоймасындағы судың мөлшерінің бірден көбеюіне байланысты тоспадан ағып жатқан судың деңгейі өте қарқынды көбеюде. Сағат 20:00дегі жағдай бойынша 3 метр 35 сантиметрге жетіп отыр. Бұл дегеніміз, ең үлкен су тасқыны болған 2017 жылдың мәніне жақындап отыр, – деді Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Ерік Сарыбаев.

Табиғаттың тосын құбылысымен төтеншеліктермен бірге жергілікті тұрғындар да күресіп жатыр. Қызылжар ауданы Тепличное ауылында еріктілер құтқарушыларға құм мен саз салынған қаптар дайындап, бөгет қоршауға көмектесуде.

– Бәріміз ұйымдасып жұмыс істеп жатырмыз. Біз су тасқынына жол бермеу үшін қаптарды дайындап, бөгенді қоршаймыз. Қайырымдылық штабы құрылды, қамқор азаматтар барлық қажетті тауарды, жылы көрпелерді, төсек-орындарды, киім-кешек әкеледі, – деді  «Жомарт жан» штабының басшысы Алла Писаренко.

Қауіпті аймақтарды тексеріп, жағдайды бағалау үшін Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр өңірге келіп, бірінші кезекте техниканы көбейтіп, тасқынмен күресетін топтарды күшейту қажет екенін атап өтті.

– Мәселені шешуге барлық күш-құралды жұмылдырдық. Бүгін барлық құрылыс және жол компанияларын біріктіріп, жұмыс істейміз. Әзірше басқа объектілердегі жұмысты уақытша тоқтатып, тек су тасқынына қарсы шараларды күшейту бойынша шаруа атқарамыз, – деді ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр.

Өңірде алдын ала эвакуация басталды. Төтенше жағдайлар депарменті мен жергілікті билік 105 адамды қауіпсіз орынға көшірді. Олар көбіне туыстарының үйіне және эвакуациялық пункттерге орналасты. Сондай-ақ 57 бас мал қауіпсіз жерге айдалды.

Айта кетейік, бұған дейін Петропавл мен Тайынша ауданында төтенше жағдай режимі жарияланған.

Әйкерім Пернебек, Нұргүл Алина, Азамат Елубаев, «Алматы» телеарнасы, СҚО-дан

Оқи отырыңыз: Алматыда жылу қашан өшірілетіні белгілі болды