Қостанай облысында ер адамды шынжырлап ұстаған дәмханада қыздар секс құлдыққа тартылған

28.08.2019 в 10:18

Дәмхана иесі Қостанай облысы Меңдіқара ауданының бірнеше тұрғынын құлдықта ұстаған

Қостанай облысында шынжырлап ұсталған ер адамның өліміне қатысты атышулы іс туралы жаңа мәліметтер пайда болды. Ер адамды мәжбүрлеп ұстаған дәмханада сексуалдық құлдыққа да жол берілген болуы мүмкін, деп хабарлайды Stan.kz.

«Дамыту» қоғамдық қорының төрайымы Нина Косюктің сөзінше, ер адамды шынжырлап ұстап, буындырып өлтірген дәмханада сексуалдық құлдық та болған.

«Қыздарды қызмет көрсетуге, тегін жұмыс істеуге мәжбүрлеген. Олардың атынан несие алып, жазған. Яғни ол жерде неше түрлі сұмдық жайттар болған», - дейді қоғам белсендісі.

Нина Косюктің айтуынша, дәмхананың иесі Қостанай облысы Меңдіқара ауданының бірнеше тұрғынын құлдықта ұстаған. Алайда олардың дені бұл туралы ашық айтуға қорқады.

Еске сала кетсек, бұған дейін Қостанай облысында ер адамды ұрлап кетіп, шынжырлап ұстағаны туралы хабарланған еді. Оны ыдыстан тамақты кір қолымен алып жегені үшін өлтіріп, денесін өртеп жіберген.