Дүкенге қарызын төлемеген тұрғынның теледидары мен ас үй жиһазын тартып алған

10.07.2021 в 10:40

Жәбірленушіге келтірілген жалпы шығын көлемі 200 000 теңгеден астам

Түркістан облысында  дүкендегі қарызды төлемедің деген сылтаумен тұрғынның теледидары мен ас үй жиһазын тартып алған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі облыстық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ордабасы ПБ кезекші бөліміне жергілікті тұрғын арызданған. Жәбірленуші әйелдің айтуынша күндізгі сағат 16:00 шамасында үйіне танысы келіп, дүкендегі қарызыңды төлемедің деген сылтаумен оның теледидары мен ас үй жиһазын өзінше билік етіп алып қойғанын көрсеткен. Жәбірленушіге келтірілген жалпы шығын көлемі 200 000  теңгеден астам. Аталған дерек  ҚК 389-бабы «Өзінше билік ету» қылмыстық құқық бұзушылығы бойынша СДТБТ-ға тіркелді.

Ордабасылық полицейлер ақпарат алысымен оқиға орнына тез арада барып,  жергілікті учаскелік полицейлер істің ақ-қарасын ажырату үшін шұғыл іздестіру жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде тәртіп сақшылары жәбірленушіге өзінше билік жүргізіп, заттарын тартып алған күдікті ер азаматты анықтады. Осылайша күдіктіге қатысты тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Белгілі болғандай жәбірленуші әйел күдікті ер азаматтың дүкенінен қарызға азық-түлік алып жүрген. Алайда ақшасын осы уақытқа дейін қайтармаған. Содан соң күдікті ақшасын басқа жолмен алмақ болған.

Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері азаматтарға мұқият болуды және өз мүлкін бейтаныс адамдарға сеніп тапсырмау керектігін ескертеді. Сондай-ақ заңға қайшы іс-әрекеттерді жасауға, туындаған мәселелерді заң аясында шешуге шақырады.