СҚО-да жеңіл көлік жүргізушісі бір отар қойды басып кеткен

29.09.2021 в 15:57

Жеңіл жарақатпен жаны қалған жүргізушінің ішімдік ішпегені анықталды

Солтүстік Қазақстанда жеңіл көлік жүргізушісі бір отар қойды қағып кетіп, соның салдарынан 14 бас мал өлген, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Тапа-тал түсте Daewoo Nexia көлігін тізгіндеген 51 жастағы азамат Петропавл – Жезқазған тасжолында жүйткіп келіп, мал айдау жолбелгісі маңында бір отар қойды жаншып өткен. Тек жеңіл жарақатпен жаны қалған жүргізушіні сараптама қортындысы ішімдік ішпеген деп көрсетіпті.

Жалпы Солтүстік Қазақстан облысында соңғы 8 айда 100-ден астам жол апаты тіркеліп, салдарынан 20 адам көз жұмған.  

«Аталған жол көлік фактісі бойынша Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 610-бабы 1-бөлігі бойынша әкімшілік материалдар жиналып, кімнің кінәлі екенін анықтап, шешім қабылдау үшін сотқа жолданды», – деді облыстық ПД жергілікті полиция басқармасы қызметінің аға инспекторы Баян Байғаскина.

Аталмыш жол-көлік оқиғасы – жыл басынан бері облыстағы тасжолда малдың қатысуымен тіркелген екінші жағдай болып отыр. Осыған дейін Тайынша ауданының тұрғыны жылқыларды қағып кетіп, мал иесін шығынға батырған. Бұл ретте полицейлер жүргізушілерге жол үстінде аса сақ болып, жылдамдықта асырмауға кеңес береді.  

«Көлік тізгіндеу кезінде өте мұқият болу қажет, жол белгілеріне де мән берген абзал. Сондай-ақ, жолдарда үй жануарларының ғана емес, түз жануарларының да кенеттен пайда болуына дайын болу керек. Бұл әсіресе, түнгі уақытта және маусымаралық шақта, күзгі жауын-шашында, көктайғақта маңызды», – деді облыстық ПД аға инспекторы Азамат Жамуков.