Көлік қақ бөлінген: Алматы облысында жантүршігерлік жол апаты болды

09.10.2021 в 12:26

Полицейлер сотқа дейінгі тергеуді бастады

Алматы облысында рөлге ие бола алмай қалған жас жігіт жол апатынан көз жұмды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Sputnik Қазақстанға сілтеме жасап.

8 қазанда сағат 17:30 шамасында Еңбекшіқазақ ауданында «Алматы-Көкпек-Көктал» тасжолының 39-шақырымында Mercedes-Benz автокөлігінің 20 жастағы жүргізушісі жол апатын жасады. Жас жігіт рөлге ие бола алмай, жолдың қарсы жолағына шығып кеткен, содан кейін Audi C-4 және Toyota Camry автокөліктерімен соқтығысқан, деп хабарлады Алматы облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Жол апатының салдарын куәгерлер видеоға түсіріп алған.

«Mercedes-Benz автокөлігінің жүргізушісі оқиға орнында көз жұмды. Тағы екі адам түрлі жарақатпен ауруханаға жатқызылды»,– деп хабарлады полиция.

Mercedes қатты соққыдан қақ бөлінген, қалған екі көлік жапырылып кетіпті.

Полиция Қылмыстық кодекстің 345-бабының үшінші бөлігі (Жол қозғалысы ережесін бұзу) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр. Қажетті сараптамалар белгіленді.