Майқайың кенішінде құлаған автобус табылды

08.01.2024 в 13:29

Қазір опырылған жерде іздестіру жұмыстары жалғасып жатыр

Жер астындағы метал геосканер арқылы табылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Pavlodarnews-ке сілтеме жасап.

Іздеудің төртінші күні құтқарушылар Майқайың кенішінде болжам бойынша құлауы мүмкін автобустың орнын анықтады.

Облыстық төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, жер астындағы металл затты түбінен бес метр тереңдікте геосканер байқаған. Аумақты «Алтыналмас АК» АҚ мамандары тексерді. Бригаданы «Богатырь Көмір» компаниясының автокраны төмен түсірді. Құтқарушылардың болжамы бойынша, табылған метал тереңдікке құлаған автобус болуы мүмкін.

Сканерлеу сағат 15.30-да аяқталды.

Қазіргі кезде «Майқайың-алтын» АҚ тау-кен ауданындағы опырылған жерде іздестіру жұмыстары жалғасып жатыр.

«АК Алтыналмас» АҚ – Балқаш қаласының мамандары мен ТЖД құтқарушылары кран орнатып, бос орындарды, металды немесе басқа да ауытқуларды анықтау үшін жергілікті жерді геосканерлеу жүргізді.

«Сканерлеу сағат 15:30-да аяқталды. Қазір нәтижелер өңделуде, шамамен автобустың жатқан жері анықталды. Оның жоғарғы бөлігіне дейінгі тереңдік шамамен 5-7 метрді құрайды», – деп жазды облыс әкімі Асайын Байханов Іnstagram парақшасында.

Қазіргі уақытта мамандар автобусқа дейін жетуі тиіс шағын экскаваторды шұңқырға түсіру және құтқарушылардың әрі қарайғы жұмысын пысықтауда.

Жоғалған адамдарды іздестіру тәулік бойы, бір минутқа да тоқтамай жүргізілуде. Іздестіру жұмыстарына барлығы 136 адам, 41 техника, 3 кинологиялық есеп және екі дрон жұмылдырылды.