Ерлан Тұрғымбаев Сарыағаштағы 17 жігіт зорлаған қызға қатысты пікір білдірді

03.11.2021 в 14:52

Қыздың анасы нотариалды түрде арыз беруден бас тартқан

Бүгін Мәжіліске келген Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Түркістан облысы, Сарыағаш ауданының кәмелет жасына толмаған қызды 17 еркек бірнеше күн бойы зорлады дегенге қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Express Qazaqstan-ға сілтеме жасап.

«17 жігіт зорлады дегенге сенесіздер ме? Қыз жоғалып кетті. Бір күн бойы болмады. Жедел іздестіру шараларының арқасында табылып, анасына қайтарылды. Ол күні ешқандай арыз түскен жоқ. Тек бір күннен кейін арыз жазды»,– дейді Ерлан Тұрғымбаев.

Оның айтуынша, қыздың анасы нотариалды түрде арыз беруден бас тартқан. Тек бірнеше күннен кейін әлеуметтік желіде 17 жігіт зорлады деген ақпарат тараған.

«Жаңадан түскен өтінішті полиция тіркеді. Енді тексеруге міндеттіміз. Жәбірленушіге қатысты бірқатар медициналық тексерулер жүргізіліп жатыр. Осы тексеру қорытындысы бойынша шешім қабылданады»,– деді министр.