Петропавлда 3 гектар қамыс жанып кетті

12.10.2021 в 15:05

Жергілікті тұрғындардың айтуынша, осы ауданда батпақта өскен қамыс жылда өртенеді

Петропавлда Береке шағынауданында қамыс өртеніп, 3 гектар аумақты шарпыған. Облыстың өрт сөндіру қызметі оқиға орнына барып, қызыл жалынды сөндіріп үлгерген. Батпақты жер болғандықтан және екпінді желдің салдарынан өртті сөндіру қиынға соққан, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Жергілікті тұрғындардың айтуынша, осы ауданда батпақта өскен қамыс жылда өртенеді. Ол өртенген сайын жақын маңдағы жеке үй тұрғындарының зәре-құты қалмайды екен.

«Қызыл жалынды сөндіруге үш өрт сөндіру бөлімшесі қатысты. Жалпы саны 6 бірлік техника мен 26 жеке құрам қатысты. Өрт кешкі сағат 18:55-те толықтай сөндірілді. Қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ. Қазіргі таңда өрттің шығу себебі анықталып жатыр», – деді СҚО ТЖД баспасөз хатшысы Евгений Журавлев.