Шахтада қаза тапқандар саны 42 адамға жетті

29.10.2023 в 15:30

Бес кенші іздестіріліп жатыр

Сағат 15:00-дегі жағдай бойынша, Қарағандыдағы Костенко атындағы шахтада 42 адамның мәйіті табылды, 5 кенші іздестіріліп жатыр, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі Zakon.kz-ке сілтеме жасап.

Аварияны жою жөніндегі республикалық жедел штабтың басшысы Төтенше жағдайлар министрі, генерал-майор Сырым Шәріпханов шахтаға түсіп, өрт және кеншілердің қаза болған жерлерін тексеріп шықты.

Аварияны жою жөніндегі жедел штаб тәулік бойы іздестіру-құтқару жұмыстарын үйлестіріп, ең қауіпсіз және кеншілер болуы мүмкін ықтимал учаскелер бойынша тау-кен құтқарушыларының өту жолдары пысықталып жатыр. Іздестіру жұмыстары шамамен бір-бірінен 4 шақырым қашықтықта орналасқан екі өндіру учаскесінің ауданында жүргізіліп жатыр.

Тау-кен құтқарушылары қажетті жабдықтармен және байланыс құралдарымен қамтамасыз етілген. Газ жағдайын бақылау жалғасып жатыр. Іздестіру-құтқару жұмыстарына барлығы "Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтерінің республикалық орталық штабы" ЖШС Қарағанды филиалының 55 тау-кен құтқарушысы және 15 техникасы жұмылдырылды.

 - Шұғыл медициналық көмекті қамтамасыз ету үшін 21 адам және 7 бірлік жедел медициналық жәрдем техникасы жұмылдырылды. Бұдан басқа, ТЖМ және Қарағанды облысының ТЖД-да республикалық және облыстық жедел штабтар жұмыс істейді, деп хабарлайды Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі. 

Сағат 15:00-дегі жағдай бойынша 42 адамның денесі табылды, 4 кенші әлі іздестіріліп жатыр.

Оқи отырыңыз: Костенко атындағы шахтадан тағы екі кеншінің мәйіті табылды