Арнайы дайындықтан өткен деуге негіз бар – сарапшылар қаңтар оқиғасы туралы

07.02.2022 в 16:16

Бүгінде Алматы өмірі біртіндеп қалпына келтіріліп жатыр

149 адамның өмірін жалмаған «Алматы трагедиясынан» бүгінге дейін тура 1 ай уақыт өтті. Кәсіпкерлер де шығынға батып, теңгемен есептегенде, бүлінген мүлік құны ондаған миллиард теңгені құрап отыр. Бүгінде қала өмірі қалпына келгенмен, көпшілікті «Алматыға расында шабуыл жасалды ма және оның ұйымдастырушылары кім?» деген сұрақ мазалайды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Мемлекеттік мекемелерге шабуылдағандардың нақты жоспары болған секілді. Республика алаңындағы қантөгісті көзімен көрген Мәнсия Жұмақанова осылай дейді. Қала тұрғыны бұл тұжырымына бүлікші топтың бірден тәртіп сақшыларына бас салғанын мысал етеді.

«Үлкен колонна болып көп адам келді. Көбі жастар екен. Төмен жақтан жиналып, полицияларға бірден шабуыл жасай бастады», - деді қала тұрғыны Мәнсия Жұмақанова. 

Дүрбелең ғимараттардың өртенуімен тоқтап қалмады. Бүлікшілер әскерилерге тойтарыс беру мақсатында қару-жарақ дүкендерін тонауға көшті. Тіпті жиналған жұртшылық арасына кіріп, белгісіз біреулер халыққа қару таратты. Ал бейбіт митингіге шыққандар сол атыс қаруын қолға ала салып, оны дұрыс қолдануды бірден үйреніп кетуі мүмкін бе?

«Қаруды білмейтін адам психологиялық тұрғыда әлсіз болады. Қаруды қолға алғаш алғанда сасқалақтайды. Ол жердегі адамдарды қарап отырсақ, қаруды ала салып, жылдам оқтап, Ішкі істер департаментінң бағыттап, оқ жаудырды. Оның бәрі, демек, арнайы дайындықтан өткен адамдар», – деді Алматы қаласы ПД арнайы және жұмылдыру даярлық басқармасының аға инспекторы Ақтан Зейнолда.

«Расында бастапқыда бейбіт басталған шеруге лаңкестердің қалай еніп, олар қалайша көпшіліктің санасын улап үлгерген?» деген сұраққа теолог Қазбек Ахметовтен былай деп жауап берді.

«Деструктивті ағымның мүшелері адамдарды өздеріне уағыздаған кезде «Олар тозаққа түсетін адамдар. Оларды өлтіруге де болады, алдауға да болады. Дүниесін тартып алуға, ұрлап алып қоюға да болады» деп уағыздайды. Сонда қарап тұрсаңыз, «Олар тозаққа түседі, олар оңбағандар» дегеннен кейін ағымның жетегіне түскен адамда жеккөрініш пайда болады. Ол қорықпайды және әрекетін қылмыс деп есептемейді. Оның қауіпті жері сол», - деді теолог Қазбек Ахметов.

Қаңтардың алғашқы күндерінде араға іріткі салғандар туралы мәлімет әзірге бізге беймәлім. Алайда Алматы қаласына террорлық шабуыл жасалғаны және олардың арнайы тактикасы болғаны анық. Дәл қазір болған оқиғаға қатысты тергеу жұмыстары жүріп жатыр. Ал оның жауабы жақын арада шықпайтын сыңайлы.

Оразай Нұртай, Сағынғали Мұңайтпасов, «Алматы» телеарнасы