Елордада Есенберлин көшесіндегі көпқабатты үйдің қабырғасы құлағалы тұр – қала тұрғыны

08.09.2021 в 15:45

Бұл тұрғын үй 2006-2007 жылдары қолданысқа берілген

Үйіміздің қабырғалары құлайын деп тұр. Арнамызға елордадағы Есенберлин 7 көшесінің тұрғындары осындай шағымдарын жеткізді. Айтуларынша, тұрғын үйдің дәл іргесінде жүріп жатқан құрылыстың салдарынан үйлерінің қабырғасы жарылып жатыр. Құрылысты кім жүргізіп жатқанын білмек болып, әкімдікке де сауал жолдаған. Алайда жауап ала алмаған.  Мәселенің мән-жайын Almaty.tv тілшісі Қаламқас Нысанбай анықтады. 

Бұл тұрғын үй 2006-2007 жылдары қолданысқа берілген. Бұған дейін тұрғындар үйдің ешқандай кем-кетік тұстарын көрмепті. Тек жақында ғана басталған құрылыс жұмыстарының кесірінен үйлерінің қабырғалары жарыла бастаған. Енді «Алда-жалда қабырғалар опырылып, біреу жазым болып кетпей ме?» – деп үрейленіп отыр.

«Мына жерде заңды ма, заңсыз ба ешқандай құжаттар жоқ. Дәл үйдің жанынан үй салайын деп жатыр, біз соған қарсымыз. Мына аумақты қарап көріп тұрсыздар, алақандай жер, не бала ойнайтын жер жоқ, не біз отыратын жер жоқ. Мына жерде сквер болады деп ойланғанбыз», – деді қала тұрғыны Айсұлу Әбдірахманова.

«Әкімдікке арыз жаздық. Жауап жоқ. Құрылыс болған соң, айналаның бәрін жауып тастады. Құрылысты жасап жатқан жұмысшылардан не салынайын деп жатыр деп сұрасам, білмеймін, айта алмаймыз деді. Сонда оны кім біледі? Қазір үйіміздің алдына не жедел-жәрдем, не өрт сөндірушілер кіре алмайды, жүретін жол жоқ. Ауырып қалған адамды көтеріп машинаға апарамын дегенше, кемінде 500 м жүруіміз керек», – деді қала тұрғыны Артем.

Тұрғындардың айтып тұрғаны мына құрылыс. Басталғанына 1 айдан аса уақыт өткен. Көлікпен өту қиындағаны бір бөлек, енді темір тұлпарларын қоятын жер шарқ ұрады екен. Ал, жер таппай басқа үйдің ауласына қойса, ол үйдің тұрғындары шағымданып жатқан көрінеді.

Тұрғындардың шағымын жеткізу мақсатында құрылыс компаниясына сауал жолдадық. Алайда камераға сөйлеуге сескенді ме, сұхбат беруден бас тартты.

Ал жауапты басқарманың ақпараттық базасына сәйкес, бұл жерде заң бұзушылықтар бар. Себебі құрылыс компаниясының рұқсат қағаздары дұрыс емес. Құрылысты бастау жөніндегі хабарламалары да жоқ.

«Тұрғындардың арызының негізінде Президент мониторинг жариялаған. Шағын кәсіпкерліктерді уақытша тексерісті тоқтату туралы. Сол жарлықтың аясында жергілікті атқарушы органның бірінші басшысы әкімге қызметтік хат жолдағанбыз. Тексеріс ашу жөнінде шешім қабылдау туралы. Сол шешімді күтудеміз. Оны алғаннан кейін прокуротура органдарына тексерісті тіркеп, тексеріс ашылатын болады», – деді қалалық орта сапасы және бақылау басқармасының Сарыарқа ауданы бойынша инспекция бөлімінің басшысы Абылайхан Мұхаммеди.

Енді тексеріс қортындылары бойынша шешім шығарылады. Құрылыс нормалары бұзылғандығын анықтаса, оған да жаза бар. Яғни бұл құрылыс компаниясы жұмыстарын тоқтатуы да мүмкін. Ал, арнайы заңнамаларға сәйкес, құрылыс жұмыстары белгілі арақашықтықта салынуы керек. Егер бұған сәйкес келмесе, құрылыс компаниясы осы үйдің қабырғаларын жөндеп беруге міндеттеледі.

Қаламқас Нысанбай «Алматы» телеарнасы