Елордада өрттен зардап шеккен қыздың жағдайы белгілі болды

04.10.2021 в 15:49

2 қазан күні «Астықжан» сауда орталығы отқа оранған болатын

Елордада сенбі күні өртенген «Астықжан» сауда орталығында зардап шеккен қыздың жағдайы бірқалыпты. Қазір қажетті ем-домын алып жатыр деп мәлімдеді Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Еске салсақ, 2 қазанда сағат 09.42-де әл-Фараби даңғылы, 28 мекенжайында орналасқан сауда үйінің 3-қабатындағы жиһаздар салоны отқа оранған болатын. Өртті сөндіруге жергілікті департаменттің күштері мен құралдары – 105 адам және 26 бірлік техника, коммуналдық қызметтің 8 машинасы жұмылдырылды. Өрт сөндіру бөлімшелері келгенге дейін 3-қабаттың терезесінен 2001 жылы туған қыз секіріп кеткен еді. 

«Өрттің жалпы аумағы – 7000 шаршы метр. Опат болғандар жоқ. Зардап шеккен 1 қыз бар. Өрттің алдын ала себебі – электр желілерінің қысқаша тұйықталуы. Нұр-Сұлтан қаласының департаменті қала тұрғындары мен қонақтарын қарапайым өрт қауіпсіздігін сақтаңыздар деп ескертеді. Жеке тұрғын үй тұрғындарына өрт қауіпсіздігін сақтаңыздар деп айтқым келеді», – деді қалалық ТЖД ресми өкілі Аягөз Фазылова.