Атырауда екі көлік соқтығысып, 6 адам аурухана жеткізілді

23.10.2022 в 15:50

Жол-көлік оқиғасы бүгін, 23 қазанда сағат 10:00 шамасында болған

Атырауда екі көлік соқтығысып, 6 адам аурухана жеткізілді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, жол-көлік оқиғасы бүгін, 23 қазанда сағат 10:00 шамасында болған.

«Атырау қаласынан Орал бағытына қатынайтын тасжолдың 5-шақырымында екі көлік соқтығысты. 1983 жылғы жүргізуші Hyundai Sonata маркалы автокөлігімен жолдың қарсы бағытына шыққан. Соның салдарынан 22 жастағы жүргізуші басқарған Hyundai Accent автокөлігімен соқтығысып қалған. Жол-көлік оқиғасының салдарынан әртүрлі дене жарақатын алған 6 адам облыстық ауруханаға жеткізілді», - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Қазір полиция қызметкерлері жол-көлік оқиғасына байланысты тексеру жүргізіп, тиісті іс-құжаттарды жинақтады. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

«Жүргізушілерге жолда жүру ережелерін сақтауды ескертеміз. Жол-көлік оқиғасы жолаушы өміріне қауіп төндіреді. Сол себептен, жолда көлік жылдамдығын шамадан тыс асырмау қажет», - деп мәлім етті департаменттің баспасөз қызметінен.