Төрт адам жарақаттанды: Қарағандыда жылқы демалушыларға шабуылдады

30.04.2023 в 16:22

Зардап шеккен отбасына медициналық көмек көрсетіліп, амбулаториялық емделуге жіберілді

Қарағанды хайуанаттар бағында әуе шарларынан үркіген ат келушілер демалып отырған кұркеге секірген. Салдарынан 4 адам зардап шекті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Оқиға кеше кешкі 18:00 шамасында болған. Балаларды арбамен серуендететін ат байлаулы тұрған жерінде әуе шарларынан үркіп, жақын маңда демалып отырған адамдарға секірген. Хайуанаттар бағында хабарланғандай, оқиға салдарынан ер адам мен оның екі баласы жарақат алып, жұбайының аяғы мен арқасы жарақаттанған.

Хайуанаттар бағының қызметкерлері 5 жыл ішінде бұл жылқы ешуақытта мұндай мінез көрсетпегенін айтады. 8 жастағы ат әрдайым жуастығымен ерекшеленген. Алайда, кеше ол желпілдеген әуе шарларынан қатты үркіп, дүрбелеңге салынып, жанында тұрған күркеге секірген.

«Бұл жағдай жұмыс күні аяқталып қалған кезде орын алды. Жылқы байлаулы тұрған. Осы кезде оның жанынан шар ұстаған бала өтіп бара жатқанда, қатты жел ұйытқып, шарлар атқа қарай ұшқан. Содан үркіген жылқы, байланған арқанды үзіп, жақын жерде тұрған кұркеге қарай шапты. Онда бір отбасы демалып отырған еді. Олар жеңіл жарақат алды. Біз жедел жәрдем шақырдық, содан кейін оларды ауруханаға апардық», – дейді Қарағанды қаласы хайуанаттар бағының тұяқтылар бөлімінің басшысы Ербол Ғабдуллин.

Зардап шеккен отбасына медициналық көмек көрсетіліп, амбулаториялық емделуге жіберілді.

Хайуанаттар бағының қызметкерлері келушілерден шарлар әкелмеуді сұрайды. Зообақтың аумағында оларды сатуға тыйым салынған. Алайда балалар мен ата-аналар әуе шарларын өзімен бірге алып келеді екен.

«Біз хайуанаттар бағына келушілерден шарларды өздерімен бірге алып келмеуін сұраймыз. Не дегенмен, бұл жануарлар. Олар өте үркек болады және әр сыбдырдан қорқуы мүмкін», – деп қосты Ербол Ғабдуллин.

Сондай-ақ, хайуанаттар бағының өкілдері ипподром жұмысын бастағанға дейін жылқылармен серуендеуді уақытша тоқтатқанын хабарлады. Оның құрылысы аяқталу сатысында.