Қаскелең қаласында жаяу жүргіншіні қағып кеткен жүргізуші ұсталды

16.03.2020 в 16:02

Жалған нөмірмен жүрген жүргізуші адам қағып кеткен

Алматы облысының Қаскелең қаласында жаяу жүргіншіні қағып кеткен жүргізуші ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Жергілікті полицейлер қайғылы оқиғаға қатысы бар деген күдікпен «Лада 21144» автокөлігінің жүргізушісін анықтады.

“Оқиға 14 наурыз күні Наурызбай батыр көшесінің бойындағы базардың тұсында болды. Жүргінші де рұқсат етілмеген жерден жолды қиып өткен екен. Оны көлікпен қағып өткен жүргізуші артына қарамай, зыта жөнеліпті. Жол үстінде қалған 33 жастағы жүргінші ауруханада көз жұмды”, – дейді облыстық ПД Тергеу басқармасының бөлім басшысы Медет Аязбаев.

Көлікті табу үшін жұмылдырылған жедел топқа бір күн қажет болды. Қазір көлік те, адам қаққан жүргізуші де полицияның қолында. 2002 жылғы жігіттің басқа да жасаған заңсыз әрекеттері белгілі болды.