Ұшақ апаты: Үндістаннан Ресейге бет алған әуе кемесі Ауғанстанда құлады

21.01.2024 в 16:08

Басқа мәліметтер нақтыланып жатыр

Жексенбі күні Ауғанстанның Бадахшан провинциясының Зибак ауданында жолаушылар ұшағы апатқа ұшырады, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі ТАСС қызметіне сілтеме жасап.

- Бадахшан полициясы қолбасшылығының хабарлауынша, жолаушылар ұшағы кеше кешке радардан жоғалып, аталған провинцияның Зибак ауданындағы "Артиллерия" аумағындағы биік тауларға құлады, - деп жазды Samaa.

Оқиғаның мән-жайын анықтау үшін осы аумаққа топ жіберілді.

Жергілікті тұрғындардың айтуынша ұшақ жексенбі күні таңертең құлаған.

ТАСС агенттігінің хабарлауынша, ұшақ Мәскеуге бет алған.

- Әуе кемесі Гая (Үндістан) — Ташкент (Өзбекстан) — Жуковский (Ресей, Мәскеу) бағыты бойынша чартерлік санитарлық рейсті орындаған. Falcon ұшағының бастапқы ұшып шыққан жері Таиландтың Утапао әуежайы болды, - деп хабарлады Ресей федералды әуе көлігі агенттігі.

Сондай-ақ Ауғанстанда жоғалып кеткен Falcon ұшағы Ресей Федерациясының азаматтық әуе кемелерінің мемлекеттік тізімде тіркелгені белгілі болды.

Ұшақ Athletic Group компаниясына және жеке тұлғаға тиесілі.

Алдын ала болжам бойынша, бортта 6 адам: 4 экипаж мүшесі және 2 жолаушы болған. Басқа мәліметтер нақтыланып жатыр.

Оқи отырыңыз: Майқайың кенішінде тереңдіктен табылған заттарды көтеру жұмыстары жүргізілуде