Алматыда отқа оранған көлік патрульге соғылып, жүргізуші мерт болды

27.08.2020 в 16:19

Салдарынан экипаж құрамындағы полиция қызметкерлерінің бірі ауыр жарақат алған

Алматыда отқа оранған көлік патрульге соғылып, жүргізуші мерт болды, деп хабарлайды Almaty.tv қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Бүгін сағат 15:05 кезінде Дулати көшесімен солтүстік бағытта келе жатқан «Ниссан Премьера» автокөлігі әл-Фараби даңғылы бойында тұрған патруль көлігіне соқтығысып, артынша шығыс бағытта қозғалып бара жатқан «Meрседес» көлігіне соғылды», – деп хабарлады Алматы қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметі. 

Салдарынан экипаж құрамындағы полиция қызметкерлерінің бірі ауыр жарақат алып, жедел түрде №7 қалалық клиникалық ауруханаға жеткізілді.

«Жанып жатқан «Ниссан» көлігін өрт сөндірушілер өшірді. Тексеру кезінде көліктен жүргізушінің денесі табылды. Қазіргі уақытта оның кім екені анықталып жатыр» делінген хабарламада.