Ел тарихындағы ең ірі есірткі зертханасы жойылды

07.08.2020 в 16:59

Ұсталған адамдар тергеу изоляторына қамалды

Ел тарихындағы ең ірі есірткі зертханасы жойылды. Бұл туралы Ұлттық қауіпсіздік комитеті мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Зертханалық жағдайда синтетикалық есірткі өндірісін ұйымдастырған Қазақстанның екі азаматы Іле-Алатау паркінде ұсталды. Олардың үйлерін және көліктерін тінту барысында сатуға дайын және кристалдану сатысында тұрған 55 килограмнан астам жоғары сапалы зат және көп көлемде шет ел валютасы мен қару-жарақ тәркіленді. Сондай-ақ, зертханадан құрал-жабдықтар мен 30 келі есірткі дайындауға жеткілікті 1 тонна химиялық реагенттер анықталды.  

«Сарапшылардың бағалауы бойынша алынған есірткі заттарының қара нарықтағы құны шамамен 1 жарым миллиард теңгені құрайды. Ұсталған адамдар тергеу изоляторына қамалды. Осы факт бойынша ҚР ҚК 297 бабы 3 бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды», – деді ҚР ҰҚК ресми өкілі Аркен Абдуғали.